"Шекара қызметінде қалыптасқан дәстүрлер жетерлік, олардың ішінде ең бастысы - жауынгерлік есеп сағат 20.00-ден "шекаралық тәуліктің" басталуы. Сондықтан мереке қарсаңы 24 қазанда сағат 20:00-ден бастап шекара сақшылары алғаш болып шетелдік қонақтарды құттықтай бастады", - деп хабарлайды Шекара қызметі.
Осылайша, Алматы мен Астана қалаларындағы халықаралық әуежайда шекарашылар келіп жатқан жолаушыларға мерекелік қорапшадағы қазақстандық шоколадты ұсынды.
"Қорапшада құттықтау сөздермен қатар ұлттық мереке туралы мәлімет жазылған, әрі шекарадан өту сұрақтары бойынша кеңес алу үшін байланыс телефондарының нөмірлері көрсетілген", - деп хабарлады ҰҚК Шекара қызметі.
2022 жылдың маусымында Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынғанын еске саламыз. Ал тәуелсіздік күнін мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізуді ұсынды.
"Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек", - деген болатын Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында.
Президенттің тапсырмасы көп ұзамай орындалды. Парламент заң қабылдап, Тоқаев оған 2022 жылдың 29 қыркүйегінде қол қойды.