Өртке байланысты жақын маңдағы елді мекендердің ауа сапасына санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алматы–Қонаев автожолының 35-шақырымындағы тұрмыстық қалдықтар полигонында шыққан тілсіз жауға байланысты 15-16 қыркүйек күндері 288 сынама алынған. Олардың бір бөлігінде шекті мәннен асып кеткен көрсеткіштер анықталды.
Осыған орай тұрғындарға, әсіресе балалар мен қарттарға және тыныс алу жолдарының созылмалы ауруы бар адамдарға алдын алу шараларын сақтау жөнінде нұсқаулық беріліп отыр.
17 қыркүйекте сол нүктелерде жүргізілген қайта тексерулер нормаларға сай нәтижелер көрсетті. Қазіргі уақытта ауа сапасы желдің бағытына байланысты тұрақты түрде қадағалануда.
– Маңыздысы, 15-17 қыркүйек аралығында улану жағдайлары тіркелмеген және медициналық мекемелерге шағымданғандар болмаған. Зардап шеккендер жоқ, – делінген жарияланған хабарламада.
Айта кетейік, Алматы облысы Алатау қаласының маңындағы өрт әлі толықтай сөндірілген жоқ. ҚР ТЖМ мамандары тәулік бойы қоқыс полигонындағы өртті өшіруге тырысып жатыр.
Бықсып жанған қою түтінге байланысты Алатау қаласының әкімдігі өңірде "техногенді апат" деп танып, төтенше жағдай жариялауды ұсынды.