Shell компаниясы Ақтөбеде кен орнын барлау құқығына ие болды

123

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.    

Shell компаниясы Ақтөбеде кен орнын барлау құқығына ие болды Фото: gov.kz

ҚР Энергетика министрлігі мен Shell компаниясы Ақтөбе облысындағы "Жаңатұрмыс" учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жөніндегі келісімшартқа қол қойды. Құжат 2032 жылға дейінгі мерзімді қамтиды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Маңызды құжатқа энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров пен Shell концернінің Қазақстандағы аға вице-президенті әрі төрайымы Сюзанн Куган қол қойды.

"Келісімге сай компания белгіленген аумақта сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізіп, геологиялық деректерді жинап, техникалық бағалау жасайды", – деп түсіндірді министрлік.

Барлау жұмыстары тиісті рұқсат алынғаннан кейін жүзеге асырылады.

"Жоба елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және көмірсутек қорын ұзақмерзімге ұлғайтуға бағытталған. Сонымен бірге бұл бастама тұрақты экономикалық өсімге де серпін береді", – деді вице-министр Ақбаров.

Shell келісімге отыру арқылы Қазақстанға инвестиция салу тоқтамағанын растады.

"Құжат Shell компаниясының Қазақстанмен ұзақмерзімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін көрсетеді", – деп мәлімдеді компания топ-менеджері Куган.

"Жаңатұрмыс" учаскесінің аумағы 1,4 шаршы шақырым. Ол елдегі болашағы зор мұнай-газ бассейндерінің бірінде орналасқан. Жоба аясында 3D сейсмикалық зерттеулер жүргізіліп, терең барлау ұңғымасын бұрғылау мүмкіндігі қарастырылған.

Бұған қоса Shell учаске орналасқан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кемінде 100 млн теңге бөледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу