Қарағандылық шенеунік анасын жұмысқа алмаған жергілікті кәсіпкерге қысым көрсеткен. Ал оның әріптесі – басқарма басшысы қоластындағылардан заңсыз ақша жинап келген. Екі шендінің ісі тәртіптік талқыға түсті.
Деректерге сүйенсек, бірінші шенеунік анасын жұмысқа алу туралы кәсіпкерге смс жіберген көрінеді. Қызметтік шенін пайдаланып, кәсіпкерге кедергі келтірмек болған. Бизнесменнің айтуынша, қалалық архитектура басқармасына өзінің құрылыс нысанын заңдастыру үшін жүгінген. Алайда шенеунік өз шартын қойып, 3 рет заңдастырудан бас тартқан. Мамандардың айтуынша, шенеунік қызметтік этиканы бұзған. Сондықтан, оған қатаң сөгіс жарияланды.
"Біз ғимаратты тұрғызғаннан кейін, заңдастыру үшін құжаттарымызды өткіздік. Бірақ, мен оның анасын жұмысқа алмағаным үшін менімен 5 минут сөйлесті. Осы 5 минуттің ішінде ол маған ғимараттың жұмыс істемейтінін, нысанды жаптыратынын айтты. Бәрі содан басталған еді",– дейді Серафим Мартынов.
Одан бөлек, шендінің әріптесі де жазаға тартылды. Жұмыспен қамту басқармасының басшысы қоластындағылардан ақша жинап келген. Соңғы үш айда жарты миллион теңгеден астам жиналған. Шенеуніктің өзі жиналысқа келмеді. Ал қызметкерлері болса, басшысының іс-әрекеттеріне наразылық білдірді. Басқарма жетекшісі жұмыстан қуылатын болды.