Осыдан бір апта бұрын Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы үш жылға сотталған болатын. Ол Әлихан Бөкейхан атында ашылмақ мектептің алдына орнатылуы тиіс Алаш зиялысының бюстін дайындаған кәсіпкерден пара алғаны белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Сот ісінің құжаттарына жүгінсек, павлодарлық басқарма мен бас қаладағы "Эталон" жеке кәсіпкерлігі басшылығы Әлихан Бөкейханның бюстін дайындауға қатысты жалпы сомасы 16 млн теңге болатын мемлекеттік тапсырысқа қол қойған. Кәсіпкер өзінің жұмысы еш қиындықсыз қабылдануы үшін басқарма басшысына 1 млн теңге көлемінде пара берді. Сол үшін Павлодар қалалық №2 соты мемлекеттік қызметшіні үш жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Бірақ 12 және 4 жасар балаларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырғанын ескеріп, қамауға бес жылдан соң ғана алуды ұйғарды. Яғни осы уақыт аралығында бұрынғы шенеунік бостандықта болады.
Ал Павлодар облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мемлекеттік қызметшіге ақша ұсынған кәсіпкерді де жауапқа тартпақ.
Департаменттің хабарлауынша, қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Егер кәсіпкердің кінәсі дәлелденсе,берген парасынан 30 немесе 40 есе көп айыппұл төлеуі мүмкін. Не болмаса, үш жылдан жеті жылға дейін сотталады. Сондай-ақ барлық мүлкі тәркіленіп, белгілі бір қызметтерді атқаруға шектеу қойылуы ықтимал.
Құндыз Қабылденова