"Шенеуніктер 85 мың жалақыға күн көрсін" - петиция жарияланды

5689

Оған 2 күнде 4,5 мыңға жуық қазақстандық қол қойып үлгерген.

"Шенеуніктер 85 мың жалақыға күн көрсін" - петиция жарияланды Фото: Ашық дереккөзден

"Әкім мен министрлер 85 мың жалақыға күн көрсін!" Елде шенеуніктердің жалақысын төмендету жөнінде петиция жарияланды. Оған 2 күнде 4 жарым мыңға жуық қазақстандық қол қойып үлгерген. Ел азаматтарының билік басындағылардың жалақысына шүйлігуіне нақты не себеп? Шенеуніктердің өздері не дейді?

 "85 мың теңге жалақыға Қазақстанда өмір сүруге бола ма?"

"Иә, әрине 85 мың теңгеге өмір сүруге болады. Бірақ қазір әр салада еңбекақының мөлшері өсуі керек. Осы методикамен біз қазір айналысып жатырмыз", - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев.

Даудың басы Ордабаевтың осы сөзінен кейін басталды. Кітапханашылардың жалақысын көтеру мәселесі бойынша өткен жиында шенеунік осылай деп "жаңалық" ашты. Онсызда қымбатшылықтан көз ашпай отырған халық мұны қалт жібермеді. Шамына тигені соншалық, әлеуметтік желідегі парақшасына да түрлі пікірлер жазып, 85 мың теңгеге не сатып алуға болатынын жазып жатты. Арасында министрлік өкілінен мастер класс сұрап жатқандары да жетерлік. Енді қол жинап, петиция жариялады.

"Біз Қазақстан халқы барлық шенеуніктің (әкім, министр, депутат т.б) жалақысын 85 000 теңгеге дейін төмендетуді талап етеміз.  Олар 85 мың теңгеге өмір сүруге болатынын айтады. Шенеуніктер 1 ай бойы 85 000 теңгеге өмір сүре алатындықтан, оларға мұндай жоғары жалақы төлеудің жөні жоқ. Ал, үнемделген ақшаны қазақстандықтардың өзекті мәселелеріне бағыттау керек"

Ордабаевтың әріптестерінің өзі бұл ақшаға күн көру қиын екенін жақсы біледі. Басы дауға қалмасын деді ме, қаржы министрі 85 мыңның жетпейтінін бірден мойындаған.

Қазір елдегі орташа жалақының өзі 240 779 теңге. Сондықтан 85 мыңға өлместің күнін көруге ғана болады.

Сарапшылар вице-министр бұл пікірді өз тәжірибесінде  қолданып көрместен, дайын статистика мен анықтамаға сүйеніп айтса керек деп топшылайды. Ал, біздің елде жалақыға келгендегі еспетеулер күлкілі. 

"Бізде статистиканы айтқанда белгілі бір анықтамалардан келеді, соны алады да, айта салады. Оның шын өмірге жақын ба ешкім алдын ала тексермеейді. Сондықтан да қашанда фактчек керек. Бізде кейбір жағдайда осындай мемлекеттік үлкен қызметті иеленіп отырған азаматтардың аузынан шыққан сөз осындай резонансқа ие болып жатады. Менің ойымша, мәселені тексеріп, одан кейін барып айту кеерк. 85 мыңға өмір сүруге болады деген соң, өзі сол 85 мыңға өмір сүріп көру керек", - деді сарапшы Айбар Олжай.

Тоқ бала аш баламен ойнамайды. Неде болса, бұл мәлімдеме айлығын шайлығына әзер жеткізіп, күнін әрең көріп жүрген халықтың қыдығына әбден тиді. Екі күн бұрын басталған петицияға 4 жарым мыңға жуық ел тұрғыны бұл басшылардың жалақысын 85 мың теңге етуді талап етіп, қол қойып үлгерді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу