Шенеуніктер ащы суға құмар болып бара ма?

Павлодарда тағы бір басшының қызметтік тағдыры қыл үстінде тұр. 

Шенеуніктер ащы суға құмар болып бара ма? Фото: google

Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің әдеп сақтап, тәртіп аясында қызмет етуіне қатысты сан түрлі талап қойылып, ереже бекітілгенімен, оларды шенеуніктердің барлығы бірдей қатаң сақтай бермейді. Басқасын былай қойғанда, жұмыс орнында ащы судан ұрттап алатындар бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мұндай жағдай Павлодар облысында тіркелді. Екібастұз қаласына қарасты Әлкей Марғұлан ауылдық округіне осы жылдың басында ғана тұрғындардың тікелей сайлауы арқылы әкім болып тағайындалған Бауыржан Бозтаевтың жұмыста мас күйінде болғаны анықталды. Аталған мәселені әдеп жөніндегі өңірлік кеңес өкілдері "май шаммен" қарады.

Белгілі болғандай, жергілікті тұрғындардың бірі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің сенім телефонына қоңырау шалып, ауыл басшысының қызметте мас күйінде жүргенін хабарлаған. Шағым түсе сала әдеп жөніндегі уәкілетті азамат тексеріс үшін бірден ауылға барған. Ауылдық азаматтың сөзін медициналық куәландыру да айғақтады.

Аталған жайтты ауыл әкімінің өзі де жоққа шығарған жоқ. Сөзінше, сайлауда жеңіске жетіп, осы жылдың 30 қаңтарынан бастап округке жетекшілік етіп келеді. Екі ай аралығында, жалпы басшылық қызметте қандай да бір тәртіптік жаза алған емес.

"15 наурыз күні ауылға су кіріп, түскі уақыттан түн ортасына дейін оны сорумен айналыстық. Сол кезде қатты суықтап қалып, ұрттағаным рас. Мұндай жағдайдың орын алғанына өкінемін. Маған тағы бір мүмкіндік беріп, ауыл тұрғындарына қызметке лайық екенін дәлелдесем деймін", - деді ауыл басшысы.

Ауылдықтар Бауыржан Бозтаевты қорғап, оған мүмкіндігінше жеңіл жаза қарастыруды сұраған екен. Алайда әдеп жөніндегі өңірлік кеңес өкілдері бұған илана қойған жоқ. Олар мемлекеттік қызметшінің жұмыс орнында мас күйінде болуын заңнаманы өрескел бұзу деп таныды. Соны алға тарта отырып, Екібастұз қаласының әкіміне ауыл басшысын қызметтен босату туралы ұсыныс жасауды бірауыздан шешіп, қабылдады.

Бұл – аталған өңірдегі алғашқы жағдай емес. Бұған дейін сырамен емделмек болған тағы бір павлодарлық шенеуніктің жұмыстан қуылған хабарлаған едік. Мемлекеттік қызметте 30 жылдық еңбек өтілі бар Май аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы тамағы ауырғандықтан, сыраны жылытып ішіп, онымен қоймай қызметтік көліктің рөліне отырған. Сол үшін 20 тәулікке қамауға алынып, әдеп жөніндегі кеңес өкілдері оны да жұмыстан босату қажет деген байламға келген-ді.

Соған қарағанда "басы ауырып, балтыры сыздаған" кейбір шенеуніктер өз сырқатын дәрі-дәрмекпен, медициналық жолмен емес, сыра-ішімдікпен емдеуді әдетке айналдырып бара жатқан сыңайлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу