Шенеуніктер жаппай сөгіс алды

1717

Шенеуніктер жаппай сөгіс алды

Қазақстанда бір топ лауазымды шенеунік алпауыттардың халыққа әлімжеттік жасауына көз жұма қарағаны үшін жазаланды, деп хабарлайды abctv.kz.

Осыдан тура бір апта бұрын, 7 қарашада өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев монополиямен күресуші шенеуніктерді қатаң сынға алған болатын. Елбасы тіпті жиын үстінде ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің басшысын орнынан алып тастай жаздады: тек еліміздің бас экономисі Тимур Сүлейменов араға түсіп, қорғаштаған соң, соның ары мен жауапкершілігіне қалдырып, сөгіс жариялаумен шектелді.

Өйткені жылумен, электр қуатымен қамтамасыз еткені үшін елден қаржы жинайтын алпауыттар төлем құрамына өз басшылары мен қызметкерлерінің сыйақылары мен бонустарын, әкімшілік және басқа да шығыстарын қосып отырған, президент сөзімен айтқанда, қарапайым қазақстандықтар үстінен байыған. Осылайша, олар 29 миллиард теңгені тұтынушылардан негізсіз, артық жиған. Енді ұлттық экономика министрлігі алпауыттардың "ішкен-жегенін" желкесінен шығарып, кері қайтартқызуда.

Атап айтқанда, қазіргі кезде Астана және Алматы қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында 10 монополистің жылумен жабдықтау қызметтерінің тарифтері 4,4 млрд теңге сомаға төмендетілді.

Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, Павлодар, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, ШҚО, БҚО, Алматы және Қызылорда облыстарында 14 монополистің электр энергиясын тарату және жабдықтау қызметтерінің тарифтері 12,1 млрд теңгеге азайтылды.

Сонымен бірге, елбасының талабы бойынша ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осындай былыққа жол берген өзіне бағынышты ірі лауазымды шенділерді жазалап шықты.

"Ақордада өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысынан кейін табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінде орталық аппараттың және оның департаменттерінің басшылары жауапкершілікке тартылды. Мемлекет басшысы берген монополияға қарсы ведомствоның жұмысын тәртіпке келтіру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бас прокуратураның коммуналдық қызметтерге тариф белгілеу саласында анықталған бұзушылықтар бойынша ақпаратына сүйеніп, табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің және оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды тұлғаларын жауапкершілікке тарту мәселесін қарады", – деп хабарлады ведомство.

Атап айтқанда, осы комитеттің аумақтық бөлімшелерінің мынадай лауазымды тұлғалары сөгіс алу арқылы жазаланды:

Комитеттің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасарына, Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасарына, Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысына, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысына, Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасарына, Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысына, Астана қаласы бойынша департаментінің басшысына, Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысына, Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасарына, Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасарына сөгіс жарияланды.

Бұл ретте, комитеттің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы атқаратын лауазымынан босатылып, жұмыстан қуылды.

Сонымен қатар, ведомствода монополияға қарсы мәселелерге жетекшілік ететін ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғаринге және комитет төрағасы Азамат Майтиевке сөгіс жарияланды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу