Шенеуніктерге құнды сыйлық беруге тыйым салынады

865

Бұл шектеу олардың отбасы мүшелеріне де қатысты.  

Шенеуніктерге құнды сыйлық беруге тыйым салынады

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов осылай деп мәлімдеді. 

"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды. Заң сыбайлас жемқорлық көріністерін жүйелі түрде алдын алу бойынша қосымша шаралар енгізуге бағытталған. Азаматтық кодексте мемлекеттік қызметшілерге кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынады. Азаматтық кодекстің мемлекеттік қызметшілерге қатысты сыйға тарту мәселелерін реттейтін ережелерін қолданыстағы заңнама нормаларымен үйлестіру қажеттілігі "Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы" Конституциялық Кеңестің 2018 жылғы 5 маусымдағы жолдауында көрсетілген", – деді агенттік төрағасының бірінші орынбасары.

Бұл ретте Олжас Бектенов қазіргі қолданыстағы заңнамаға тоқталды.

Оның сөзінше Қылмыстық кодекстің 367-бабына сәйкес мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті тұлғаларға, оларға теңестірілген тұлғаларға, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғаларға немесе лауазымды тұлғаларға бұрын жасаған заңды әрекеттері немесе әрекетсіздігі үшін құны 2 айлық есептік көрсеткіштен асатын сыйлықтар тарту қылмыстық жауапкершілікті көздейді. 

"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 676, 678-баптарына сәйкес, жеке немесе заңды тұлғалардың аталған тұлғаларға заңсыз сыйлықтар беруі әкімшілік сыбайлас жемқорлық әрекет болып есептеледі. Осылайша, қолданыстағы заңнамада сыбайлас жемқорлық субъектілеріне олардың лауазымдық жағдайына байланысты кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тарту тыйым салынады", – деді ол.

Сондықтан Азаматтық кодекстің 509-бабымен көзделген жазаны Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерінің нормаларымен сәйкес келтіруге тура келген. Соған сәйкес енді мемлекеттік қызметшілердің отбасы мүшелеріне материалдық сыйақы, сыйлықтар немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауына тыйым салынады.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу