"Шертпе күй" дәстүрлі музыка фестивалі: Бас жүлде – 1 млн теңге

904

Алматы қаласында 1-3 желтоқсан аралығында республикалық "Шертпе күй" дәстүрлі музыка фестивалі өтеді.  

"Шертпе күй" дәстүрлі музыка фестивалі: Бас жүлде  – 1 млн теңге Фото: gov.kz

Оған қатысу үшін 45 өтінім келіп түскен. Бас жүлде қоры – 1 млн теңге. Бірінші орынға – 750 мың теңге, екінші орынға – 500 мың теңге, 3 орын жеңімпазына 300 мың теңге беріледі, деп жазады inbusiness.kz.

Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Әлиевтің айтуынша, аталмыш фестивальдің негізгі мақсаты – шертпе күй өнерін кеңінен насихаттау, жастар арасында домбыра аспабында ойнауды дәріптеу.

Конкурсқа 16-35 жас аралығындағы домбырашылар қатысады.

"Осы шертпе күйге 60 қатысушы қатысады деп жоспарлаған едік. Барлық облысқа да хат жіберілді. Ешкімге шектеу қоймадық. Ережеге сәйкес құжаттарын өткізген адамдардың бәрі (ред. – 45 адам) қатысып жатыр. Басында қырық адамға да жетпей қала ма деп ойлағанбыз. Қазір 45 адам конкурсқа қатысқалы отыр. Оның өзі үлкен қуаныш деп ойлаймын", - деді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры Медет Қуанышев.

Күйші Жанғали Жүзбаевтың айтуынша, күй өнерін аймақтық үлгілеріне, мектебіне байланысты жеке саралау керек.

"Күй әу баста біреу. Бірақ оның орындаушылық мәнері әрқилы. Қазақта шертпе күй, төкпе күй, желдірмелі күй, толғаулы күй сияқты әртүрлі орындаушылық мәнерлер бар. Бір өнер дегенменен бәрін біркелкі саралай алмаймыз. Сондықтан күй саласында болсын, ән саласында болсын өзінің табиғи, кәсіби мектебіне, аймақтық үлгілеріне байланысты жеке саралауға тура келеді. Шертпе күй де, төкпе күй де қазақтың күй өнерінің–қыранның қос қанаты сияқты", - деді "Қазақ ұлттық өнер университеті" РММ профессоры Жанғали Жүзбаев.

Айта кету керек, конкурс үш күнге созылады. 1 желтоқсанда конкурстың бірінші туры, екінші тур – 2 желтоқсанда, ал үшінші желтоқсанда фестивальдің жабылуы өтеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу