Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында марқұм Шерзат Болаттың ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналистер "Шерзаттың әкесі не үшін қамауға алынды?" деп сұрады.
"Баршаңызға мәлім, Еңбекшіқазақ ауданының соты осының алдында баспасөз релизін берді. Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін және көлік құралдарының қозғалысына кедергі жасағаны үшін Қаржаубай Нұрымов әкімшілік жауапқа тартылды", – деді Санжар Әділов.
Министрлік өкілінің сөзінше, Шерзат Болаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталуға жақын.
"Жылдың соңына дейін барлық сараптама нәтижесін алып, тергеу амалдарын аяқтаймыз. Осы қылмыстық іс бойынша 11 фигурант қамауда отыр", – деді спикер.
Тілшілер спикерден Шерзаттың ағасының соңғы хаты қалай таралып кеткенін нақтылады.
"Бұл хатты марқұмның туыстары берді. Олардың келісімі негізінде жарияланды. Оны жариялауға қатысты ешқандай да заңнамалық кедергілер болмады. Бұдан бөлек осы мәселеге қатысты Алматы облыстық полиция департаменті жедел пікір білдірді", – деді ІІМ өкілі.
Айта кету керек, осыған дейін Нұрқанат Ғайыпбаев қоштасу хатын қалдырып кеткенін жазған болатынбыз.