Бүгінгі Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесінде оның сыныптасы Еркебұлан Тоқтарбай куәлік жасады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сыныптасы айыпталушының ешқашан ешкімді ренжітпегенін айтады. 31 жастағы куәгер сол күнгі оқиғаны былайша баяндап берді.
– Дархан Әскентай – сыныптасым, Тоқтаубаев Нұрбол мен Тоқтаубаев Азамат – жолдас баламның інілері. Басқасын танымаймын. Дарханмен сыныптас әрі бір ауылда тұрғаннан кейін кездесеміз арасында.
Сол күні "Айдын есімді сыныптасымның үй жағында менің автокөлігімнің газ қондырғысын жөндейміз" деп кездескенбіз. Сол жерде көлікті жөндеп жатқан кезде сағат кешкі 8-дер шамасында Дархан Әскентай келді. Сәлден кейін кетіп қалып, өзімен 2 литр сыра әкелді. Оны Айдын екеуі сәл ішті. Дархан телефонмен бізге жарық түсіріп жүрді, машина 10 жарым шамасында жөнделіп бітті. Біз қайтуға шешім қабылдадық. Дархан жолдан түсіп қалмақ болды, үйі сол жерде еді. Мас болғаны білінбеді. Сау көрінген, – деді ол.
Куәгер Еркебұлан Тоқтарбай Дархан Әскентайға 1000 теңге беріп кеткенін де айтып өтті.
– Дархан менің көлігіме отырды. Меделеев көшесіндегі дүкен жолдың бойында болған. Дарханды сол жерден тастап кеттім. Өзі "дүкен жақтан тастай кетші" деді, үйі де сол жерде еді. Көлікте отырғанда біреуден 1000 теңге көлемінде ақша сұрап отырды. Мен оны естіп "ешкімге жалынба" деп, қолма-қол 1000 теңге беріп кеткенмін, – деп сөзін жалғастырды куәгер.
Сыныптасы оқиғаны тек келесі күні ғана әлеуметтік желіден көрген. Мемлекеттік айыптаушы "Естіген соң Дарханға хабарластыңыз ба?" деп сұрақ қойды. Ол мүлдем сөйлеспегенін жеткізді.
Адвокаттар одан "күдіктінің бұрын осындай істерге қатысы болды ма?" деп сұрады. Десе де, сыныптасы мұнан хабары жоқ екенін айтты.
– Сыныптасым болғасын жақсы білемін. Ешқашан ешкімді ренжіткенін көрген емеспін. Өз басым төбелескенін көрмегенмін, – деп нақтылай түсті Е.Тоқтарбай.
Дархан Әскентай атына бұрын іс қозғалған. Алайда ол іс сотқа жетпей тоқтатылған. Оның соттылығы жоқ.