Онда бір топ адамның 16 жастағы марқұм Шерзат Полаттың отбасы мүшелерінің жазалануын талап еткені анық бейнеленген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сотталғандардың жақындарының айтуынша, марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов та қатаң жазалануы керек. Сол секілді әпкелері де заңбұзушылықтар жасаған. Сондықтан, видеодағылар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған.
– Шерзат Полат қайтыс болған соң жәбірленуші тарап бірден жүйелі ойластырылған және жоспарланған әрекеттерге барды. Өз мақсатына жету үшін олар түрлі құралдарды, атап айтқанда, әлеуметтік желі, тыйым салынған психологиялық тәсілдерді пайдаланды, тіпті кейде ашық арандатушылыққа да көшті. Бірнеше рет тәртіпсіздікке шақырды, жалған ақпарат таратылды, пышақ ұстаған адам қаһарман болып көрсетілді. Марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов сол қайғылы оқиға болған түні екі рет пышақпен адамдарға шабуыл жасады, – деген Egov.Press телеграм арнасында жарияланған видеода өзін Бауыржан деп таныстырған ер адам.
Осылайша, үндеуде сотталғандардың туған-туыстары Президенттен Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жәбірленуші тараптың әрекеттерін толық, нақты және мұқият тексеруге тапсырма беруді сұраған.
Олардың сөзінше, жәбірленушілердің іс-әрекеті тұтастай Талғар қаласының имиджіне кері әсер еткен.
– Елімізде заң әсер етпейтін немесе заңнан жоғары тұратын топтар бар ма? Олар не үшін әлеуметтік желілерде жабық топтар ашты? Олар атыс қаруын қайдан алды? Бұл әрекеттерді кім басқарып отыр, түпкі мақсаты қандай? Әрі мұны кім қаржыландырып отыр? Біз мұндай іс-әрекеттер қоғам тыныштығын бұзады, Талғар қаласының имиджіне зиян келтіреді деп санаймыз, – дейді ер адам өз сөзінде.
Бұған дейін Шерзат өліміне кінәлілердің сотталғаны туралы жазған едік.