Бүгінгі тыңдалымда тараптар сот ісінің материалдарын зерделеуге кірісті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мемлекеттік айыптаушының мәлімдеуінше, тергеу барысында кәмелетке толмаған жәбірленуші Ахмет Махметке күдіктілерді тану мақсатында төрт адамның фотосуреттері ұсынылған. Ол фотолардың ішінен Шынасыл Абзалды бірден таныған.
- Жәбірленуші ұсынылған суреттерге қарап шығып, №3 фотодағы азаматты бірден таныды. Оның айтуынша, дәл сол азамат өзін жұдырықпен ұрған, - деді прокурор.
Сонымен қатар, жәбірленуші екінші фотосуреттер топтамасында №1 суреттегі азаматты да танып, оның оқиға орнына "Mercedes" көлігінен түсіп, барсеткасынан пышақ алып шыққанын, кейін оны қайта салып қойғанын баяндады. Прокурор бұл адамның Илясов Нұрқияс екенін нақтылады.
Алайда айыпталушы Нұрқияс өзіне тағылған бұл айыппен келіспей, сол кезде жанында барсетка болмағанын айтып, судьядан бұл мәлімдемені ескеруді сұрады.
Сот отырысында тергеу аясында тәркіленген айғақтар да айтылды. Атап айтқанда, қара түсті Toyota Land Cruiser және көк түсті Volkswagen Golf маркалы көліктердің видеорегистраторлары алынғаны белгілі болды. Оның ішінде Volkswagen Golf ресми түрде айғақты зат ретінде танылған.
Еске салайық, бұған дейін айыпталушы Абзал Шынасыл сот барысында сотталушылардың бірі марқұм Шерзатқа пышақ салғанын мәлімдеген болатын.