Шерзат сотында судья блогерлер мен желі қолданушыларына ескерту жасады

425

Сот отырысын онлайн көруге болады. 

Шерзат сотында судья блогерлер мен желі қолданушыларына ескерту жасады Фото: Бейнежазбадан

Талдықорған қаласында марқұм Шерзат Полаттың өліміне байланысты іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Судья Ержан Жанұзақов желіде іске қатысты пікір білдірген блогерлер мен желі қолданушыларының пікіріне ескерту жасады.

"Әлеуметтік желілерде іске мүлдем қатысы жоқ блогерлер мен басқа да азаматтар тергеу әрекеттері мен сот талқылауына қатысты жеке пікірін білдіріп, субъективті баға беріп жатыр. Осыған байланысты Конституцияның 75-бабы 1-тармағына сәйкес Қазақстанда сот төрелігін тек сот жүзеге асыратынын, сонымен қатар сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі сот қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейтінін, ол заңда белгіленген тәртіпте жауапкершілікке әкеп соғатынын естеріңізге саламыз. Іс қаралып бітіп, үкім шығып, ол заңды күшіне енгенге дейін сот процесін түсіндіруге, әсіресе оған құқықтық баға беруге жол берілмейді", - деді судья.

Сөзінше, іс бойынша қорытынды үкім әлі шыққан жоқ.

"Сот тек заңға сүйене отырып, бейтарап төреші ретінде әрекет етеді. Қазіргі уақытта іс тергеу сатысында, қорытынды үкім әлі шығарылған жоқ. Сот шешімді тек қана объективті, даусыз дәлелдер негізінде қабылдайды. Үкім шыққанға дейін сотқа қысым жасауға, негізсіз және дәлелсіз сын айтуға жол берілмейді. Іске қатысты субъективті пікір таратуға болмайды. Бұл кейбір жағдайда сотқа қысым жасау әрекеті ретінде бағалануы мүмкін. Сот жүйесіне құрмет көрсету және сотқа деген сенім – құқықтық мемлекет пен әділ сот төрелігінің негізі. Осыған байланысты блогерлер мен басқа да желі қолданушыларына арандатушылық сипаттағы әрекеттерден аулақ болуға шақырамыз", - деді Ержан Жанұзақов.

Судья сот процесі ашық түрде өтіп жатқанын, сот объективті әрі негізделген үкім шығаратынына кепілдік беретінін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу