Шерзаттың отбасының 5 несиесі кешірілді

Олардың азық-түлік дүкеніне тауар сатып алу үшін ЖК атынан алынған несиелердің бір бөлігі де кешіріліпті.  

Шерзаттың отбасының 5 несиесі кешірілді Фото: Smart News

Десе де, адвокаттар мен қорғаушылар тобы Шерзаттың отбасына қаражат жинаудың мақсатын түсіне алмағанын айтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құқық қорғаушы Айтбек Амангелдінің сөзінше, Шерзаттың отбасы қайғылы оқиғадан соң халықтан қаражат жинау мәселесі бойынша кеңес сұраған. 

– Бізде тек бір ғана сұрақ болды: қаражат жинаудың мақсаты қандай? Және ол неге Шерзаттың әкесінің туысы Перизаттың атына жүргізіліп жатыр? Өйткені, ол бұл іс бойынша жәбірленуші болып саналмайды. Біз дереу мәлімдеме жасап, командамыздың бұл ақша жинау ісіне ешқандай қатысы жоқ екенін хабарладық. Сондай-ақ, тек Шерзаттың әкесі мен анасын және олардың балаларын ғана өкілдік ететінімізді нақтыладық, – дейді ол.

Сондықтан да, адвокаттар мен қорғаушылар тобы бұл қаражат жинаудың мақсатын түсіне алмаған, себебі олардың тарапынан барлық қызмет тегін көрсетілген екен. 

– Банктер де отбасына қолдау көрсетуге ниет білдірді. Отбасының бес банктегі несиесінің төлемдері тоқтатылды. Әртүрлі несие болған. Сонымен қатар, олардың азық-түлік дүкеніне тауар сатып алу үшін ЖК атынан алынған несиелердің бір бөлігі де кешірілді, яғни толық өтелді, – дейді құқық қорғаушы.

Айтбек Амангелді Шерзаттың отбасының Талғардағы үйі өртегеннен кейін де қаржылай қолдауға қатты қажеттілігі болмағанын айтып отыр. 

Құқық қорғаушы Саида Тәуекелова да кейбір демеушілер қайырымдылық ретінде Шерзаттың отбасын қолдағанын атап өтті. 

– Өкінішке қарай, біздің демеушілеріміздің бірі үйге ақша жинау жүргізілетіні жарияланған кезде көмек көрсетуден бас тартты. Сондықтан бірқатар қаржылық мәселені біздің команда өз бетінше шешті, – дейді ол. 
Бұған дейін Шерзат Полаттың ісі қашан сотқа жіберілетіні туралы жариялаған болатынбыз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу