Бұл сұмдық жайтты әлеуметтік желі қолданушылары Шерзат Полат оқиғасымен байланыстырып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алдын ала дерек бойынша, 20 жастағы жігітті бір топ адамның пышақтап, өлтіріп кеткені белгілі болды. Ол алған жарақатынан сол жерде қаза тапқан.
– Қолымызда видео түріндегі дәлеліміз, 30-дан аса куәгеріміз бар. Одан бөлек, біздің отбасымызға қысым жасалып жатыр, бізге келісімге келіп, татуласқанымыз жөнінде қағаздарға қол қоюымызды күштеп жатыр. Осылайша, жауапкершіліктен қашып кетпекші. Бірақ біз үнсіз қалмаймыз. Бізге жеткен мәліметтер бойынша, қатысушылардың бірі осыған дейін де ұқсас жағдайларға қатысқан, – дейді марқұмның қарындасы Зифая Абдрим.
Алматы облысының Полиция департаменті болған жағдайды растады.
– Гүлдала ауылындағы мейрамханалардың бірінде 12 сәуір күні болған кісі өлтіру және бұзақылық фактілері бойынша полиция қызметкерлері 2 қылмыстық іс қозғады. Жедел-іздестіру шаралары барысында және дер кезінде таратылған бағдарлар арқасында 20 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынды. Сонымен қатар, бұзақылық дерегі бойынша тағы 3 күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның ішінде екеуіне қатысты сот үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Ал кәмелетке толмаған күдіктіге қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес бұлтартпау шарасы қолданылды, – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.
Оқиғаға қатысты барлық куәгер анықталып, қылмыстық іс аясында жауап алынған.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты зерттеліп, тараптардың уәжі мұқият тексеріліп жатыр.
Тергеу барысы Алматы облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында екені айтылды.