"Шерзаттың ажалы жетті" деген не сөз": Адвокат айыпталушылар мен ата-аналарына шүйлікті

Бүгін Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша ашық сот процесі өтті.   

"Шерзаттың ажалы жетті" деген не сөз": Адвокат айыпталушылар мен ата-аналарына шүйлікті Фото: zhogargy sot

Онда жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев сөз сөйлеп, сотталушылар мен олардың ата-аналарына ескерту айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, ешкім ешкімді жазықсыз соттайын деп жатқан жоқ. Анығы, мұндай қылмысқа нақты жауап болмаса, ол жалғаса береді. 

– Бір өкініштісі, айыпталушылар Қаржаубайды кінәлап жатыр, "сөйтпегенде, бүйтпегенде" деп. Ал сіздер келмегенде, төбелес болар ма еді? Бұл – екі тарап арасындағы жай сот емес, қоғамның күнделікті бетбұрысқа, әділдікке әрекеті, жаңа қадамы. Шерзат – 16 жастағы ғана бала. Ол топқа емес, біреуіңізге де қарсы шыға алмайтын бала еді. Мен сіздердің бойларыңыздан өкініш көре алмай отырмын. Осы жерде "тәрбиесі дұрыс емес болды" дегендер болды. Біз – аға буынбыз, әр сөзімізге жауап беруіміз керек. Шерзат пышаққа өзі барып соғылған жоқ. Адам өлгені – факт. Ешкім сіздерді кінәсізден кінәсіз соттайын деп тұрған жоқ. Қаржаубайдың да мақсаты сол, ол тек баласын жоқтап жүр. Бірақ, бұған ешқандай жауап болмаса, қылмыс ары қарай да жалғаса береді, – деді адвокат.

Мейірман Шекеев қылмысты ешкімнің мойындамағанын, солай бола тұра бір-бірін қорғайтынын айтады. 

– Түптеп келгенде сіздер өздеріңізді, болашақтарыңызды қорғауларыңыз керек. Жауапкершілік алуларыңыз қажет. Қараңыздаршы, Шерзаттың өмір сүруге құқығы бар еді ғой. Осы күнге дейін қаншама журналист келді. "Неге ешқайсысы мойындамайды?" деп. Мен айттым: "Әлі мойындауға мүмкіндігі бар, соңғы сөзге дейін мойындайтын шығар" деп. Мына 9 сантиметрлік бәкі 12 сантиметрге дейін кіргені – бар күшімен кірді деген сөз. Қылмыскердің араларыңызда екенін біліп тұрсыздар, бірақ "мен емес" дейсіздер. Онда неге бір-бірлеріңізді қорғайсыздар? – деді ол.

Адвокат "баланы ата-анасының көзінше осылай өлтіріп жатса, басқа кезде, ешкім көрмейтін жерде топтап өлтіріп кетуге болатын шығар" деп ашынады. 

– Қазір өз әрекетімізге жауапкершілік ала алмасақ, әрқайсымыздың үйімізде осындай қайғылы оқиға болады. Ата-аналары ренжіп жатыр, "қоғам бізді кінәлауда" деп. Ал сіздер өздеріңізді кінәламайсыздар ма? "Шерзаттың ажалы жетті" деген не сөз? Ата-ана осылай деп айтса, баласы не айтпайды, қандай әрекет етеді? – деді М.Шекеев.

Осыған дейін Шерзат сотында айыпталушы Азамат Тоқтаубаевтың анасына өлең арнағанын хабарлаған едік. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу