Жақында Грозный қаласында мешіт құрылысы басталады. Оған Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың есімі берілмек. Бұл туралы жергілікті басылымдар хабарлады.
"Грозный" деп аталатын арнаның хабарлауынша, жаңа мешітке оның есімін беру туралы шешім "республика тұрғындарының өтініштері бойынша" қабылданған көрінеді. Қадыров бастапқыда бұл идеяға қарсы болған, бірақ оның серіктестері, дінбасылары және бірқатар қоғам өкілдері оны ақыры көндірген екен.
Мешітке екі мың адам сыяды. Құрылыс процесіне Шешенстан басшысының көмекшісі Амруди Эдилгириев жетекшілік етеді.
BBC дерегі бойынша, Шешенстанның қалалары мен ауылдарындағы 346 көшеге
Рамзан Қадыровтың және оның туыстарының есімі берілген. Басым бөлігі Қадыровтың әкесі, Республиканың бұрынғы президенті Ахмат-қажы Қадыровтың есімімен аталған. Одан кейінгі орында – Қадыровтың өзі. Сонымен қатар оның анасы мен атасының есімдерімен аталатын көшелер де жетерлік.
Қадыров Шешенстанды әкесі қайтыс болған кезден бастап басқарып келеді. Ахмат-қажы Қадыров 2004 жылы Грозныйда Жеңіс күнін тойлау кезінде өлтірілген еді.
BBC-дің 2018 жылғы мәліметіне сүйенсек, Республикадағы ең ықпалды 150 шенеуніктің 30 %-ы – Қадыровтың туыстары.
Табиғат Нұрболат