"Шешесі мен баласы одақ құрып...": Жанар Айжанова қызының басынан өткен оқиға туралы айтып берді

15809

Әженің, ененің мектебін жоғалтып алдық, дейді өнер иесі.

"Шешесі мен баласы одақ құрып...": Жанар Айжанова қызының басынан өткен оқиға туралы айтып берді Фото: @aizhuldyz_adaibekova

Халық әртісі, әнші, актриса Жанар Айжанова елімізде ажырасу неге өршіп тұрғанын айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Adal Adam youtube арнасына сілтеме жасап.

"Тәрбие – тал бесіктен. Отбасыдағы ауызбіршілікті жоғалтып алдық, ортада жапа шегетін балалар. Ең соңында, екі жақ та бармағын тістейді. Бұл қазіргі қоғамның трагедиясы дер едім. Қызға барған жерінде көп қолдау, жәрдем керек. Екі жас үйленгенде, күйеу баладан ештеңе сұралмайды, ал келіннен сұрау көп болады. Сондықтан, екеуін де бірдей мықты етіп тәрбиелеу керек", - дейді әнші.

Сондай-ақ, ол ер азаматтардың ас үйдегі тірлікке араласатынын, тіпті келіннің айлығына жармасатын ата-енелерді де айтты.

"Әженің, ененің мектебін жоғалтып алдық. Өзімізде жоқ нәрсені келіннен немесе күйеу баладан талап ететін болдық. Өз үйін тастап, біреудің үйіне барған қыз балаға ол үйдің салт-дәстүрі тұрпайы болып көрінеді. Оған үйрену үшін 2-3 жыл уақыт керек. Сол кезде келін мен баладан гөрі, баласын бауырына тартып отырады. Өз қызымның да басынан өтті. Шешесі мен баласы бір-біріне сай болып, одақ құрып алады. Екеуі қосылып, ым-жымы бір болып түсініспеушілік басталады. Үйіңе келін келгенде, қызыңдай көрмесең де, бір көзің көрмесін, бір құлағың естімесін деген. Екі жақтың да мақсаты – шаңырақтың шайқалмауы", - дейді Жанар Айжанова.

Айта кетейік, мобилограф Қыран Талапбек 2020 жылы әнші Жанар Айжанованың қызы Айжұлдыз Адайбековамен шаңырақ көтеріп, арада көп уақыт өтпей ажырасып кеткен болатын. Қазір олардың Назар есімді ұлы бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу