Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдің инвестициялық мүмкіндігімен танысу мақсатында 3 күндік жұмыс сапарымен келген "Анталия" индустриялық аймағының делегациясын қабылдады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Сапар барысында түркиялық кәсіпкерлер Шымкент қаласындағы "Оңтүстік" индустриялық аймағы мен арнайы экономикалық аймағының мүмкіндігімен онда орналасқан кәсіпорындардың жұмысымен танысқан болатын.
Өңірде кәсіпкерлік саласының дамып жатқанын алға тартқан түрік делегаттары жергілікті кәсіпкерлермен B2B форматында кездесті. Онда екі жақ ауыл шаруашылығындағы жаңа технологияларға инвестиция тарту мен орта және шағын бизнесті дамыту жайын сөз етті.
Кәсіпкерлермен болған бетпе-бет кездесуде қос тарап кептірілген жеміс пен азық-түлікке арналған қаптама өндіру, жылыжайға арналған жабдық шығарып, орнату, құрғақ құрылыс қоспасы мен бояу өнімін өндіру жөніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісімге келді.
Аймақ басшысы кездесуде облыстың экономикалық әлеуеті мен кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдауды айтып өтті.
"Өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысып, әлеуетін бағамдауға келген делегация мүшелеріне алғысым шексіз. Оңтүстікте шетелдік инвесторларға барлық қолайлы жағдай жасалып отыр. Әлеуеті зор 11 индустриялық аймағымыз бар. Одан бөлек ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларында да бірлескен жобаларды жүзеге асыруға болады. Ең бастысы – ниет түзу, бағыт-бағдар айқын, кәсіпкерлікті дамытуда ашықтық бар", – дейді әкім.
Түрік делегаттарының топ басшысы, "Анталия" индустриялық аймағының бас директоры Ильхан Метин Шымкент қаласында орналасқан индустриялық аймақтардың мүмкіндігі зор екенін айтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруда инвестиция салуға ниетті екенін жеткізді.
Айта кетейік, "Анталия" индустриялық аймағы – Түркиядағы әлеуетті 5 ірі аймақтың бірі саналады. Бұл аймақта 8 салада жұмыс істейтін экспорттық өнім өндіретін ірі компаниялар шоғырланған.