Шетелге ең көп сатылып жатқан тауарлар қатарында ұн, кондитер өнімдері және металлдан жасалған заттар бар. Мұны "KazakhExport" компаниясы "Экспорт саудасын қаржыландыру" және "Аккредитивтерді сақтандыру" секілді отандық кәсіпорындарға көрсетілетін қолдаумен байланыстырады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Бұл қолдау құралдары импорттаушылардың қазақстандық өнімге деген қызығушылығын арттыру үшін қолға алынған. Жыл басынан бері 82 экспорттаушы "KazakhExport" қолдауын тапқан, оның үштен бір бөлігі жаңа клиенттер.
"KazakhExport" ұлттық экспортты сақтандыру компаниясы" 20 жыл бойы шетел нарығына шыққысы келетін қазақстандық бизнеске көмек беріп келеді. Осы аралықта компания 200-ден аса бизнеске қолдау білдірген. Ұлттық оператордың ең танымал қолдау құралдарының бірі Сауданы қаржыландыру. Бүгінде мұндай құралдардың саны 18.
"KazakhExport-тың сауданы қаржыландыру механизмі жаңа серіктестер тауып, жаңа келісімшарттарға отыруға таптырмас мүмкіндік. Ал жеңілдетілген несие беру және өңдеу өнеркәсібін мемлекеттік қолдау қазақстандық өнімдерге сұранысты арттырады. "Magnum" ірі сауда желісінің Өзбекстан нарығына шығып, ол жақта біздің өнімдерді кеңінен танытуы соның айқын мысалы. Ал, Өзбекстан нарығында қазақстанның ет өнімдері үлкен сұранысқа ие", - дейді KazakhExport сақтандыру департаменті директорының орынбасары Айжан Ахметалиева.
Ұлттық компания сыртқы сауда операцияларын несиелендіруден бастап тәуекелдерді сақтандыруға дейін әртүрлі бағыттағы қызметтерді ұсынады. Одан бөлек, түрлі бағыттағы экспорттаушыларға қолдау көрсетеді. Мысалы, металлургия саласы, фармацевтика, тоқыма және басқалары бар. Дегенмен, биыл ең көп сақтандырылғаны тамақ өнеркәсібі болып отыр. Мұндай кейстердің арасында "Magnum" супермаркет желісі бар. Жақында компания Ташкентте отандық өнімдерді сататын филиал ашты. Атап айтқанда, нан, тоқаш, кондитерлік өнімдер мен жарма өнімдері ерекше сұраныс тапқан.
"Біз Өзбекстан нарығына дендеп енуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ қазақстандық өнімдердің көлемін де көбейту ойымызда бар. Сол үшін KazakhExport-пен белсенді жұмыс істей береміз. Өйткені, Өзбекстанда біздің тауарларға сұраныс өте жоғары. Жоспар бойынша 2024 жылы тағы қазақстандық тауар өндірушімен 10 тікелей келісімшарт жасасуымыз керек. Осылайша сөрелеріміздегі отандық өнім түрлерін көбейте түсеміз", - дейді "Magnum" компаниясы бас директорының орынбасары Александр Тютюнников.
2016 жылдан бері "KazakhExport" отандық тауар өндірушілерге 880 млрд теңге көлемінде қолдау көрсеткен. Сақтандыру қызметін 212 қазақстандық компания алды. Оның ішінде азық-түлік, металлургия, химия, жеңіл, машина жасау өнеркәсібі өкілдері бар. Экспорт негізінен Өзбекстан, Ресей, Ауғанстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Қытай, Түркменстан, Әзербайжан, Литва, Украина, Беларусь, Италия, Түркия сынды елдерге бағытталған.