Шетел президенттерінен Ақордаға құттықтау хаттары келді

834

Шетел президенттерінен Ақордаға құттықтау хаттары келді

Қазақстан президентінің туған күніне орай шетел басшылары құттықтау жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың даму қарқыны жоғары екенін атап өтті.

"Қазақстан мен Қытай – тату көршілер әрі көп жақты стратегиялық серіктестер. Мен Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының даму барысын жоғары бағалаймын және Сізбен бірлесе отырып, өзара қолдауды әрі қарай нығайтуға, "Нұрлы жол" жаңа экономикалық саясаты мен "Бір белдеу, бір жол" бастамасын ұштастыруға бағытталған ынтымақтастықты тереңдетуге, екі ел халықтарының игілігі үшін жұмыс істеуге дайынмын", – делінген жеделхатта.

Ал Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёев қазіргі Қазақстанның жоғары жетістіктерінің, табыстары мен жеңістерінің бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен тікелей байланысты екенін айтты.

Шавкат Мирзиёев екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің әрі қарай да дәйекті түрде дамып, жан-жақты нығая беретініне сенім білдірді.

Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмон Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, Қазақстанды одан әрі өркендету және дамыту жолындағы қызметіне толайым табыс тіледі.

Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттулга өзінің құттықтау жеделхатында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен Моңғолия қарым-қатынастарын дамытуға қосқан жеке үлесін атап өтіп, Циндао қаласындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммиті барысында өткен екі жақты кездесудің нәтижелеріне оң баға берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу