/img/tv1.svg
RU KZ
Шетел валютасымен депозиттердің үлесі төмендеп келеді – Ерболат Досаев

Шетел валютасымен депозиттердің үлесі төмендеп келеді – Ерболат Досаев

Шетел валютасымен депозиттер 5,0%-ға кеміген. Нәтижесінде депозиттерді долларландыру 44,4%-ға дейін төмендеген.

12 Наурыз 2019 11:43 297

Шетел валютасымен депозиттердің үлесі төмендеп келеді – Ерболат Досаев

Ұлттық банктің алтынвалюта резервтері 1 наурызда алдын ала деректер бойынша 29,2 млрд АҚШ доллары, Ұлттық қордың активтері 59,0 млрд АҚШ доллары болды. Жалпы халықаралық резервтер 88,2 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев үкімет отырысында айтты.

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы сондай-ақ 2019 жылғы қаңтарда депозиттер көлемінің 19,2 трлн теңгеге дейін 3,7%-ға өскенін атап өтті. Ұлттық валютамен депозиттер 11,9%-ға өсті.

«Көп жағдайда мұндай өсу «Цеснабанк» АҚ-ты қолдау бойынша іс-шараларды іске асыруға байланысты болды. Шетел валютасымен депозиттер 5,0%-ға төмендеді. Нәтижесінде, депозиттерді долларландыру 44,4%-ға дейін төмендеді», – деді ол.

Ерболат Досаев отырыс барысында кредит беру нарығының қалпына келіп жатқандығын айтты.

«2019 жылғы қаңтарда 898 млрд теңге сомаға жаңа кредиттер берілді, бұл өткен жылғы осындай кезеңнен 8,2%-ға көп. Кредиттік портфель 2019 жылғы қаңтардың соңында 12,5 трлн теңгені құрады», – деп түсініктеме берді бас банк басшысы.

Ол кәсіпорындарға теңгемен кредиттер бойынша мөлшерлеме 2018 жылдың басындағы 13,2%-дан 2019 жылғы қаңтарда 12,4%-ға дейін төмендегенін, қысқа мерзімді кредиттер бойынша мөлшерлеме 12,9%-дан 12,3%-ға дейін, ұзақ мерзімді кредиттер бойынша 14,3%-дан 13,8%-ға дейін төмендегенін атап өтті.

«Экономиканың басым секторлары үшін 600 млрд теңге сомаға ұзақ мерзімді ресурстар беру міндеті шеңберінде Қазақстан Ұлттық Банкі Үкіметпен және банктермен бірлесіп жобаларды қаржыландыру тетіктерін әзірледі. Қазіргі уақытта олар іске асырылуда. 2019 жылғы 1 наурызда екі банктің 25 млрд теңге сомаға облигациялары сатып алынды», –  деп хабарлады Ерболат Досаев.

Ұлттық банк Нұр-Сұлтанға көшуі мүмкін

Әзірге нақты қай ғимаратқа көшірілетіні белгісіз.

22 Мамыр 2019 12:57 461

Алдағы уақытта Ұлттық банкті Алматыдан елордаға көшіру жоспарланып отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеді. 

«Ұлттық банктің өз кеңсесі болу керек, бірақ бұл біраз уақытты алады, сондықтан әлі қалай көшетінімізді талқылап жатырмыз»,– деп жауап берді ол журналистердің сұрағына.

Ерболат Досаев қаржы реттеушісінің ЭКСПО аумағындағы ғимараттарға орналаспайтынын айтты. Себебі ол АХҚО-ға берілген, ал банк жеке, бөлек аумаққа орналасуды көздеп отыр.

Ұлттық банктің жанынан жаңа агенттік құрылып, оның жұмысын қайта ұйымдастыру көзделіп отыр. Яғни, Ұлттық банктің бірқатар функциясы мен өкілеттіктері жаңа агенттікке ауысады. Досаевтың айтуынша, штаттағы шамамен 500 адам осы агенттікке ауыстырылады. Сондай-ақ ол агенттіктің Алматы қаласында жұмыс жүргізетінін тілге тиек етті.

Ал мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин болашақта бас банкті Нұр-Сұлтан қаласына көшіру жоспарда бар ма деген сұрақ қойды. Бұл сұраққа Ұлттық банк төрағасы «Ондай жоспарымыз бар» деп жауап берді.

Еліміздегі банктердің активтерінің сапасына бағалау жүргізіледі

 Бағалау бірнеше айға созылады.

25 Сәуір 2019 12:20 707

Еліміздегі банктердің активтерінің сапасына бағалау жүргізіп, «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыру қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевқа осындай тапсырма жүктеді.

Айта кетейік, Ұлттық банк қаржы институттарының активтерінің сапасын тексеруді 2015 жылы жоспарлаған. Алайда содан бері бірнеше рет кейінге қалдырылған. Өткен айда ғана қаржы реттеушісі дайындық жұмыстарына кірісетінін хабарлаған. Бағалау бірнеше айға созылады.

Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасы президентке жүктелген тапсырмалардың орындалу барысын баяндады.

«Ұлттық банктің жақында шығарған шешімінің қорытындысы бойынша базалық мөлшерлеме 9% төмендеді. Бұл тартылған қаржының құнын төмендету үшін қосымша мүмкіндік береді және келешекте кәсіпкерлік, әсіресе, шағын бизнес үшін несие мөлшерлемесіне ықпал етеді деп санаймыз. Сіздің Маңғыстау облысына жұмыс сапарыңыздың барысында  берген тапсырмаңызды орындау аясында біз үкіметпен бірлесіп, алғашқы қадамдарды жасадық»,­ – ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев.