Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті мәлім етті.
"Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Кодекстің 343-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес, егер Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына бір уақытта әкелу немесе ЕАЭО-тың кедендік аумағынан бір уақытта әкету кезінде мұндай қолма-қол ақшаның жалпы сомасы (кеден органына жолаушыларға арналған кедендік декларацияны ұсынған күнге қолданыста болатын валюта бағамы бойынша) он мың АҚШ долларына баламалы сомадан асып кетсе, қолма-қол ақша қаражаты және жол чектері кедендік декларациялауға жатады.
Алайда, бүгінгі таңда елдің ұлттық мүдделерін қорғау және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ҚР Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы №830 Жарлығы қолданылады. Онда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әкету күніне белгілеген бағам бойынша есептелген және 10 000 (он мың) АҚШ доллары баламасынан асатын сомадағы қолма-қол шетел валютасын және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдарын әкетуге тыйым салынады.
Сонымен қатар, "Жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау туралы" Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2019 жылғы 23 шілдедегі №124 шешіміне сәйкес 16 жасқа толмаған жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарлары туралы мәліметтер, аталған тұлғалармен бірге жүретін тұлғаның жеке пайдалануға арналған тауарлары туралы мәліметтермен бірге бір жолаушы кедендік декларацияда көрсетіледі.
Осылайша, отбасының әрбір мүшесіне 10 000 (он мың) АҚШ доллары баламасынан аспайтын қолма-қол шетел валютасын әкетуге рұқсат етіледі.
"2023 жылдың басынан бастап мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының аумағынан валютаны заңсыз алып кетудің 120 фактісін анықтады. Олардың әрқайсысы бойынша әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды. Жалпы өндірілген айыппұл сомасы 4 778 250 теңгені құрады", – деп хабарлады ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті.
Мысалы, 2023 жылдың 9 мамырында елорда әуежайында Анталияға 92855 еуро, 9480 АҚШ долларын және 28750 ресейлік рублін құрайтын қолма-қол шетел валютасын алып кетпек болған ҚР азаматы тоқтатылды. Астана қаласының "Әуежай-Астана" кеден бекетімен материал Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданып, онда аталған материал бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Сот шешімімен 45 524 224 теңге сомасындағы ақша мемлекет кірісіне тәркіленді.