Шетел жоғары оқу орындарымен Стратегиялық әріптестік жөніндегі кеңес құрылды

292

Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова шетелдік университеттер басшыларымен кездесуде мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Шетел жоғары оқу орындарымен Стратегиялық әріптестік жөніндегі кеңес құрылды Фото: Үкімет

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әлемнің жетекші университеттерімен стратегиялық әріптестік орнату бағытында белсенді шаралар қолға алынғаны белгілі.

Бүгінде еліміздің түрлі аймақтарында шетелдік 23 оқу орны жұмысын бастап кетті. Олардың басшыларымен кездесуде вице-премьер Қазақстан тарапының әріптестік байланысты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

"Ынтымақтастықты дамыту бойынша ұсыныстарды талқылап, бірлесіп әзірлеу маңызды. Осы жұмыстың форматын сақтап, туындаған мәселелерді бірлесе қарастырған жөн деп санаймын. Осыған байланысты, Ғылым және жоғары білім министрлігі жанынан Стратегиялық әріптестік жөніндегі кеңес құру ұсынылады. Аталған Кеңес барлық қатысушының мүддесін ескере отырып, пікір алмасу және инновациялық шешімдерді іздеуге арналған тұрақты алаңға айналады", – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Қазіргі уақытта 20-дан астам елдің университеттерімен өзара іс-қимылдың түрлі форматтары бар. Кездесуде стратегиялық серіктестіктің бірыңғай жалпы ережесін әзірлеу қажеттігі айтылды. Бұл университеттердегі академиялық және басқару еркіндігіне әсер етпейді.

Вице-премьер жан-жақты серіктестік ғылыми зерттеу ісін дамытуға, озық білім беру бағдарламалары мен оларды оқыту әдістемелері трансфертін жүзеге асыруға бағытталатынын атап өтті.

Осылайша, оқытудың жоғары стандарттарын қамтамсыз етуге мүмкіндік тумақ. Сондай-ақ Тамара Дүйсенова бірлескен ғылыми жобалар аясындағы ынтымақтастық жалғасатынын баса айтты.

"Ғылым және технологиялық саясат туралы" заң бұл бағытта қосымша мүмкіндіктер ашады. Бәсекеге қабілеттілікті арттыруға ықпал ететін ғылымдағы жетістіктерді экономика игілігіне қолдану біз үшін маңызды. Бұл үдерісте зерттеу университеттері шешуші рөл атқарады", – деді Тамар Дүйсенова.

Кездесу барысында шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері Кеңес құру және стратегиялық әріптестіктің жалпы ережелерін енгізу идеясын қолдады. Сонымен қатар ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жөнінде пікір алмасу өтті.

"Жоғары оқу орындарының рейтингін түзу мен саралауды қалыптастыру идеясын қолдаймын. Бәсекелестік – дамудың негізі", деп баса айтты Heriot-Watt University ректоры Марк Биггс.

Аталған ЖОО филиалы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің базасында ашылды.

Әріптесін Ресейдің МИФИ ұлттық ядролық ғылыми-зерттеу университетінің проректоры Дмитрий Савкин де қолдады.

"Мамандар даярлаудағы бірлескен жұмыс біз үшін маңызды. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу қызметіндегі әріптестікті тереңдетуге мүдделіміз", деді Дмитрий Савкин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу