Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қазақстанның Еуропа Кеңесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына (ГРЕКО) қосылғанын хабарлады.
Елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін ұйым арқылы Қазақстан тарапы жемқорлық үшін айыпталып, сыртта қашып жүрген тұлғаларға құрық салуды көздеп отыр.
Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектеновтің айтуынша, қазір шетелде жемқорлыққа айыпталған 33 қазақстандық бой тасалап жүр.
"ГРЕКО-ға қосылу біздің елімізге Еуропа кеңесінің сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы конвенциясына іздеуде жүрген қылмыскерлерді және олардың заңсыз тапқан мүлкі мен ақшасын елге қайтару мүмкіндіктері артады. Бұл – келешекте жасалатын жұмыс. Біз бұл бағытта белсенді жұмыс атқарып келе жатырмыз. Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 65 қылмыскерді іздестіруде. Солардың ішінде 33-і шетелде жүр", – деді ол ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Олжас Бектенов аталмыш 33 тұлғаның ішінде Мұхтар Әбіләзов, Бергей Рысқалиев, Виктор Храпунов сияқты белгілі адамдар да бар екенін айтты.
"Олардың ішінде Әблязов бар, Рысқалиев бар, Храпунов бар, басқа да тұлғалар бар. Іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жасырын түрде жүргізіліп жатқандықтан, қай уақытта нәтиже беретінін нақты айта алмаймыз. Бірақ бұл жұмыс белсенді түрде атқарылып жатыр", – деді агенттік өкілі.
Есімжан Нақтыбайұлы