Шетелде саяхаттап жүрген 1350 адам елге қайтарылды

908

Алдағы уақытта тағы 5914 турист Қазақстанға жеткізілмек.

 Шетелде саяхаттап жүрген 1350 адам елге қайтарылды

Қазақстан Республикасы Үкіметінің шетелге туристік мақсатта аттанған азаматтарды қайтару туралы шешіміне сәйкес "Туристік Қамқор" корпоративтік қоры жедел қайтару шараларын қолға алды. 

2020 жылдың 17 наурызы мен 19 наурызы аралығында шетелде саяхаттап жүрген 1350 азамат Қазақстан аумағына қайтарылды. Бұдан бөлек 32 туристке ұшаққа билет сатып алып берілген.  Жалпы "Туристік Қамқор" есебінен әлемнің әр бұрышында сапарлап жүрген 5914 адам елге қайтарылмақ. Бұл ретте қор өкілдері туристерді байбалам салмай, түсіністік танытуға шақырды.

"Бортты көкке көтеру оңай шаруа емес. Төтенше жағдай кезінде шекаралар мен транзиттік аумақтар жабылып, валюта бағамы өзгеріп мәселе қиындай түседі. Алайда қазіргі кезде туристерге байбалам салуға негіз жоқ. Қор ел азаматтарын қысқа мерзімде Қазақстанға қайтару үшін барлық қажетті шараларды жүзеге асыруда", – деді қор төрайымы Инна Рей.

Ескерте кететіні бұл санатқа 11-13 таңбалы туркоды бар туристер ғана жатады. Оны шетелге шығар алдында туристік оператор береді. Бұл ретте қор өкілдері сырт елде қиын жағдайда қалып қойған саяхатшылардан 8 (7172) 279112 байланыс телефонына қоңырау шалуды немесе www.fondkamkor.kz сайтына кіріп "Туристке жедел көмек" парақшасын толтыруды сұрады. 

Еске сала кетсек, бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов шетке сапарлап кеткен қазақстандықтарды қайтару жұмыстары түгелдей мемлекет қаржысына ұйымдастырылмайтынын айтқан болатын. Сонымен қатар биылғы жылдың 23 наурызына дейін 4 мыңға тарта қазақстандықты қайтару үшін 18 рейс орындалатынын атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу