Шетелде тұратын түрік азаматтары дауыс бере бастады

988

Шетелде тұратын түрік азаматтары 27-сәуір мен 9-мамыр аралығында дауыс бере алады. 

Шетелде тұратын түрік азаматтары дауыс бере бастады Фото: yenişafak

Түркияда 14 мамырда өтетін президент және парламент сайлауына 73 елде дауыс беру басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz

73 елде 3,5 миллионға жуық сайлаушы тіркелген. Алғаш рет шетелде дауыс беретін сайлаушы саны 280 мыңға жақын. Олар өздері тіркелген сайлау учаскесіне барып, таңдауларын жасап жатыр.

Шетелде тұратын түрік азаматтары 27 сәуір мен 9 мамыр аралығында дауыс бере алады.

Жоғары сайлау комитетінің басшысы Ахмет Енердің айтуынша, 75 елдегі Түркияның дипломатиялық өкілдіктерінде 156 сайлау учаскесі ашылды. Беларусь, Бразилия, Эстония, Марокко, Нигерия, Пәкістан, Португалия және басқа да мемлекеттерге сайлау жәшіктері Анкарадан алғаш рет жеткізілді.

Сонымен қатар, саяхаттап жүрген сайлаушылар да шекара бекеттерінде, құрлықтағы өткізу пунктерінде, әуе және теңіз айлақтарында дауыс бере алады. 

Түркияның орталық сайлау комиссиясы шекарадан өтетін азаматтар үшін барлығы 4600 нүкте ашты. Сайлаушылар мереке күндерін қоса алғанда, күндіз-түні кез келген уақытта дауыс беру мүмкіндігіне ие.

Анадолу агенттігі бөліскен деректер бойынша, ең көп сайлаушы Германияда. Ол жақта 1,5 миллиондай түрік азаматы тұрады. Ал ең азы 581 сайлаушысы бар Бразилия. Сондай-ақ, Қазақстанда 6101 түрік азаматы дауыс беру құқығына ие.

Шетелде дауыс беру процесі аяқталғаннан кейін, дауыстар жоғары сайлау комиссиясы белгілеген әдістер бойынша, қауіпсіздік ескеріле отырып дипломатиялық курьерлермен Түркияға жеткізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу