Шетелде жұмыс істегісі келген мыңға жуық азамат алданып қалды

706

Еліміздің мыңға жуық азаматы алаяқтардың құрбаны болды. 

Шетелде жұмыс істегісі келген мыңға жуық азамат алданып қалды Фото: egemen.kz

"Алданып қалдық" деп, сан соғып жүрген жандардың айтуынша оларды Шымкенттік "TITAN INC" серіктестігі тақырға отырғызған. Жалған компания азаматтарды Түркияда атом электр станциясын салу үшін баруға үгіттеп, ай сайын 1 миллион теңгедей жалақы төленетіндігіне сендірген. Сөйтіп, әр адамнан алдын ала  71 мың теңгеден жинап алып, іздерін суытқан. 

Бұл азаматтардың темір есікті торуылдап жүргеніне 2-3 айдың жүзі болған. Басында шекара асып мол табысқа кенелеміз деп ойлаған жігіттер қазір өздері берген ақшаларын да ала алмай жүр. 

Алданғандардың көбі бұл компанияны әлеуметтік желідегі  жарнамасы арқылы тапқан. Көрсетілген мекен-жай бойынша хабарласып, келісімшарт түзген. Содан кейін қаржы аударған. Өздерінің сол әрекеттерін дәлелдейтін барлық құжат қолдарында. 

"Қазақстанда айлық аз, күнкөріс төмен болғаннан кейін турцияға баруға тура келген. Қазақстан бойынша 2 мыңнан астам адам бар бұл жерде. Жоғалтқан уақытымыз бар, жоғалтқан ақшамыз бар сол  өтелсе, бұлар жазасын алса", дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Бекболат Сауатов.

Талаптарын қағазға түсіріп қол қойған алпыстан астам азамат Әл-фараби аудандық полиция басқармасына шағым түірген. Енді талайды табанынан тоздырып, тақырға отырғызған компанияның мәселесімен құзырлы орган айналыспақ. 

"Арыз негізінде қылмыстық іс қозғаған полиция осы уақытқа дейін 9 адамның күдікке ілінгенін мәлімдеді. Олардың біреуі құрылтайшы болса, жетеуі менеджер қызметін атқарған. Арасында бір директор да бар. Сондай-ақ, полиция нақ осы компанияның алдауына түскендер  санының күн санап артып бара жатқанын жеткізді", дейді Әл-Фараби аудандық ПБ бастығының орынбасары Жәнібек Тұрлыбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу