Шетелдегі дипломаттар қазақ тілін де білуі керек – Тоқаев

1244

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдегі қазақстандық дипломаттар шет тілдерімен қатар қазақ тілін де білу керегін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Шетелдегі дипломаттар қазақ тілін де білуі керек – Тоқаев Фото: akorda.kz

Президент Қазақстан дипломатиясының жаңа келбетін қалыптастыру мәселесіне тоқталды.

"Біздің дипломатиялық қызметке тың серпіліс қажет. Білікті мамандардың Сыртқы істер министрлігінен кетуі оның кадрлық әлеуетін әлсіретуде. Бұл – шын мәнінде өзекті мәселе. Мен осы министрлік ең консервативті құрылымның бірі екенін білемін. Мұның жақсы жағы да бар. Дәстүр сақталады, кәсіби дипломаттар шоғыры қалыптасады. Дегенмен жағымсыз жағы да жоқ емес. Білімді, білікті әрі елге адал қызмет еткісі келетін жастар үшін министрлікке жұмысқа тұру – "алынбас қамалдай". Бұл ахуалды түзеп, кадр саясатын түбегейлі қайта қарайтын кез келді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда өткен Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген отырысында.

Оның пікірінше, дипломатиялық қызметке, ең алдымен көзі ашық, көкірегі ояу, отаншыл мамандар қажет. 

Сонымен қатар Президент дипломаттарға жаңа міндет жүктеді.

"Қазақстан атынан шет мемлекеттерде қызмет істеп жүрген дипломаттарымыз шетел тілдерін ғана емес, алдымен мемлекеттік тілді білуі керек. Сөз соңында тағы да қайталап айтамын: Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі бағыттарды жүзеге асыру үшін тиісті жұмысты тың қарқынмен жалғастыру керек, яғни уақыт сынынан өткен ұстанымдарды жаңа шешімдермен  ұштастыру қажет. Осыған байланысты дипломаттарымыз қашанда ел мүддесіне адал болады деп сенемін", – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу