Шетелдегі қазақтілді БАҚ қауымдастығы құрылатын болды

2124

Қазақ тілінде хабар тарататын 12 БАҚ өкілдері елордада бас қосты.

Шетелдегі қазақтілді БАҚ қауымдастығы құрылатын болды

"Отандастар. Болашаққа бағдар" халықаралық дөңгелек үстел аясында шетелдегі қазақтілді БАҚ өкілдері бас қосты. Басқосу барысында "ҚазАқпарат" халықаралық агенттігінің бастамасымен Шетелдегі қазақтілді БАҚ қауымдастығын құру туралы шешім қабылданды.

"15 жыл бұрын "Қазақпарат" елімізде бірінші болып латын әліпбиімен жаңалық тарата бастады. Ал 10 жыл бұрын төте жазу нұсқасын енгізді. Осының бәрі қиырдағы қазақтармен байланыс орнатып, қандастарға ақпарат беру үшін жасалған болатын. Бүгінгі қауымдастық құру ұсынысы сол қадамдардың заңды жалғасы іспетті. Панельдік сессияға 6 елден 12 БАҚ (қазақ тілді) 17 өкіл қатысып отыр. Өз еліміз бен өңірлерімізден де өкілдер отыр. Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-тардың бірігу бастамасы былтыр шыққан. "Отандастар" қоры мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі осы бастаманы қолдады. Осы ретте шетелдегі қазақ тілді БАҚ-тардың қауымдастығын құру деген идеяны ортаға салғымыз келеді. Бұл – өте қажетті және заманға сай жоба. Әлем елдеріне қарасақ, орыс, әзербайжан, армян тілді БАҚ-тардың қауымдастықтары баршылық. Түркі тілдес халықтарда да бар. Сондықтан, бізге де қазақ тілді БАҚ-тардың қауымдастығын құрып, байланыс орнатуға болады. Бір-бірімізге осылайша көмек-қолдау білдіре аламыз", – деді "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Асқар Умаров.

"Отандастар" КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов осы жиында қазақтілді шетелдік БАҚ өкілдерінің ұсынысы негізінде қауымдастық аясында жұмыс істеудің жоспары жасалатынын атады.

"Бізге қолдау көрсетіп, қауымдастық құруға ниет білдіріп отырған "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігіне алғыс айтамыз. Пікір алмасайық. Ұсыныстардың бәрін тыңдағымыз келеді. Шетелдегі қандастарымыз қазақ тілінде өтетін бағдарламаларды сағына көріп, тыңдайтындарын айтады. Әлбетте, өте жақсы бастама", – деді ол.

Қазіргі уақытта шетелдерде қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарынан Моңғолияда "Қазақньюс" порталы, "Шұғыла" журналы, "Жаңа дәуір газеті", Баян-Өлгей" аймақтық радиосы жұмыс істеп тұр. Ал Иранда "Парстудей" ақпараттық агенттігінің қазақ бөлімі мен қазақ радиосы хабар таратса, Түркияда "Қазақ елі" журналы, Ресейде "Омбы қазақтары" мен "Ақ арна" газеттері басылып шығады. Сол секілді, Өзбекстанда "Нұрлы жол" республикалық газеті, "Кенимех таңы" аудандық газеті, Науаи телерадиокомпаниясы, "Алтын аймақ" бағдарламасы жұмыс істейді.

Есімжан Нақтыбайұлы
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу