Шетелдегі күмәнді діни оқу орталықтарында 30 атыраулық білім алып жүр

894

 Шетелдегі күмәнді діни оқу орталықтарында 30 атыраулық білім алып жүр

Бүгінде шетелдегі күмәнді діни оқу орталықтарында 30 атыраулық білім алып жүр. Оның 23-і Мысырда, 6-уы Сауд Арабиясында, біреуі Йемендегі салафилік ортадан дәріс тыңдауда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды atpress.kz.

Айтуынша, теріс ағымнан сақтандыру мақсатында биыл 762 адамға теологиялық, психологиялық және құқықтық көмек көрсетілген. Сонымен қатар, түрмеде "Терроризм" бабымен жазасын өтеп жатқан 47 адамға оңалту жұмыстары жүргізіліпті. 

Өкінішке қарай, бірқатар идеологиялық шаралар атқарылғанымен, діни бағыттағы әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттер азаймай тұр. 

"Жыл басынан бері 20 хаттама толтырылды. Оның үшеуі заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқаны үшін, сегізі мешіттің заңды діни қызметіне кедергі келтіргені үшін, біреуі заңсыз діни рәсімдер мен жоралар және біреуі діни сезімді қорлауы, қалған жетеуі діни әдебиеттер мен заттарды заңсыз сатқаны үшін жауапкершілікке тартылды", - дейді Қайролла Көшқалиев.

Алдағы уақытта облыстық дін істері басқармасы арнаулы және жоғары оқу орындарының жанынан курс ашуды жоспарлауда. Мұнда діндар жастарға терең профилактикалық жұмыстар жүргізілмек. Сонымен қатар, Атырау қаласында "Дағдарыс орталығын" ашу – маңызды мақсаттардың бірі. Қазіргі таңда Нұрсая ықшам ауданындағы №6 тұрғын үйдің төменгі қабаты бөлініп, жөндеу жұмыстарын жүргізу пысықталуда. Аталмыш орталық теріс діни ағымдардан жапа шеккендерге тікелей және жан-жақты көмек көрсететін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу