Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Digital Nomad Residency бағдарламасы қашан іске қосылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ведомство басшысы әлемнің түкпір-түкпірінен талантты мамандарды тарту үшін жағдайлар жасалып жатқанын алға тартты.
"Астана" халықаралық қаржы орталығында Экспат орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық шетелдік мамандар үшін мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алудың бірыңғай терезесі ретінде қызмет етеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында IT-мамандарға арналған арнайы виза – Digital Nomad Visa іске қосылды. Бұл жеңілдетілген процедуралар арқылы электрондық виза алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, біз Digital Nomad Residency бағдарламасын іске қосу бойынша жұмыс істеп жатырмыз", – деді Жаслан Мәдиев.
Айтуынша, бағдарлама онлайн режимде тұруға рұқсат алу рәсімін жеңілдетеді. Digital Nomad Residency бағдарламасын келесі айда іске қосу жоспарланып отыр.