Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі 14 күн бойы карантинде болған басқа қаланың азаматтарына арнайы көлік бөлді. Барлық азаматтар шетелден ұшып келгендер, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Азаматтардан коронавирус анықталмаған, енді олар Алматы, Павлодар, Петропавлов, Қарағанды және де басқа қалаларға өз үйлеріне қайтатын болды.
"Біз 24 наурыз күні Дубайдан ұшып келдік. Дәл сол күні карантинге "Ramada Plaza" қонақүйіне орналастырды. Қонақүйде болған 14 күн ішінде коронавирусқа байланысты бірнеше рет сараптама жасады. Барлығы жақсы болды", – дейді Павлодар қаласының тұрғыны Әйгерім Оразалина.
Қарағандылық Ирина Лехман Нұр-Сұлтанға Германиядан ұшып келген. Қалаға түскеннен кейін басқа да жолаушылармен бірге "Ramada Plaza" қонақүйіне орналастырылған. Карантиннің келесі күндерінде ауруханада болған.
"Бізге бірнеше мәрте сараптама жасалды. Барлығы да теріс нәтиже көрсетті. Қонақүйдің тағамдары, бізді күткен медицина қызметкерлері де өте жақсы болды. Барлығы үшін ризашылық білдіреміз", – дейді ол.
Өзге қалаларда тұратын азаматтар үйге қайту үшін көлік ұйымдастырғаны үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне алғыс білдірді.