ҚР ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин Қазақстаннан шетелдік әуе компанияларының кетуіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін мәжілісте "Табиғи монополиялар туралы" заң жобасын таныстырған министрлік өкілінен депутаттар әуежайлардағы тарифті белгілеу саясатына қатысты сұрады.
"Әуежайлар тарифтерді он жылдықта көтермей келді. Әуе компаниялар әуежайлардың тарифтерді көтеруінен кетпеді. Атап айтқанда, олар үшін Қазақстанға трафик экономикалық тұрғыда тиімсіз болды, яғни бұл негізінен жолаушылар ағынына қатысты. ЭКСПО кезеңінде бірқатар компания екіжақты келісім аясында тасымал жасаған болатын. Қазіргі кезде бұл рейстерді Air Astana жүзеге асырып келеді. Мәселен, British Airways, Austrian Airlines және басқасы осыған дейін 2-3 жыл бұрын кеткені мәлім. Олардың кетуі әуежайлар тарифтеріне қатысты болмады. Осының барлығы заңды құбылыс, нақтырақ айтқанда, экономикалық тиімділікке негізделген", - деді Жұманғарин мәжіліс депутаты Мерует Қазбекованың сауалына берген жауабында.
Оның атап өтуінше, кейбір әуежайларда тарифтердің 180 пайызға өсуі - ол 1 доллардан 2,5 долларға дейін жоғарылауын білдіреді. Яғни, басқа елдердегі әуежайларға қарағанда бұл қомақты сома емес. Шетелдегі өзге халықаралық әуежайларда тарифтер 8-10 долларды құрайды.