Осыдан екі жыл бұрын Құрық порты арқылы кемемен Грузиядан 200-ге жуық көлік тасымалданған болса, 2021 жылы олардың саны 2 мыңға дейін өсті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Маңғыстауда жеке пайдалануға арналған шетелдік автокөліктер көбейген. Салық мамандары мұндай машиналарды сатып алу, Қазақстан аумағына заңсыз әкелінген автокөлік құралдарын әкелудің ықтимал тәуекелдері бар екенін ескертті.
Маңғыстау облысының мемлекеттік кірістер департаментінің хабарлауынша, шетелде тіркеуде тұрған көлік құралдарын Қазақстанда жеке пайдалану үшін уақытша ғана әкеле алады. Тасымал кезінде мұндай автомашиналар кедендік төлемдер мен салықтардан босатылады. Өйткені кері шетелге әкетілуі тиіс.
"Уақытша әкелу мерзімі бір жылдан аспауы тиіс және автокөлікті кедендік төлемдер мен салықтарды төлемей Қазақстан азаматтарының меншігіне немесе иелігіне және пайдалануына беруге болмайды. Уақытша әкелінген көлік құралдарын сенімхат бойынша сатып алу немесе пайдалану тиесті кедендік баждар мен салықтарды төлегеннен кейін ғана мүмкін болады", - дейді салық мамандары.
Қазақстанда уақытша пайдалану мақсатында әкелінген көліктерді шетелдік тұлғалар түпкілікті тастап кететін тәжірибе қалыптасты. Мұндай жағдай Грузия мен Әзірбайжан азаматтары арасында жиі байқалады екен.
Шетелдік нөмірлі көліктерді емін-еркін пайдаланып жүрген қазақстандықтарды әкімшілік жауапкершілікке тарта отырып, заңсыз әкелінген көлік кедендік ресімдеу аяқталғанша иесіне беру кешіктірілетін болады.