Шетелдік азаматтар көші-қон қызметінің қалалық, аудандық бөлімшелерінде немесе бірыңғай ақпараттық жүйенің визалық-көші қон порталы (www.vmp.gov.kz) арқылы тіркеуге тұра алады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.
EXPO-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесі қарсаңында Астана қаласының ІІД көші-қон қызметі басқармасының мамандары шетелдік азаматтардың құжаттарын тәулік бойғы тәртіпте тіркеуге алуда.
Визалық көші-қон порталы және е.gov.kz веб-порталы арқылы уақытша тіркеу бойынша мемлекеттік қызметке қол жеткізу үшін электронды кілт алу қажет. Шетелдік азамат қажетті мәліметтерді толтырған соң иммигрантты электронды үлгіде тіркеу туралы құжатқа қосымша парақ беріледі. Оны міндетті түрде басып шығару қажет. Бұдан бөлек, басқа мемлекеттердің азаматтары уақытша тіркелу үшін Мәңгілік Ел даңғылы, 53, 9 корпус мекен-жайы бойынша ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесінің бірыңғай қызмет көрсету орталығына хабарласа алады. Мұнда полиция қызметкерлері құжатты рәсімдейді, ҚР визалық мерзімді ұзартады және иммигранттарды қабылдайтын заңды тұлғаларды шақырта алады.