Шетелдік қаржы ұйымдары ішкі нарыққа кіруге рұқсат алады

928

Шетелдік қаржы ұйымдары ішкі нарыққа кіруге рұқсат алады

Банктік емес айырбастау пункттеріне Ұлттық банк шығарған шағын алтын құймаларды сатып алу және сату құқығы беріледі. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне валюталық реттеу және валюталық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР заңының жобасын таныстыру барысында айтып берді, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

Данияр Ақышев "валюталық операциялар" ұғымына валюталық құндылықтарды сенімгерлік басқаруға не брокерлік қызмет көрсету туралы шарт негізінде беру, бейрезидент шығарған электрондық ақшаны резиденттің сатып алуы мен өтеуі және керісінше енгізілгенін айтты.

"Сонымен қатар, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына ішкі валюта нарығында қолма-қол емес шетел валютасын сатып алу және сату құқығы берілді. Көрсетілген түзетулер жеке тұлғалардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды, сондай-ақ ішкі валюта нарығында бәсекелестікті дамытуға ықпал етеді", - деп атап өтті ол.

Ұлттық банктің басшысы заң жобасы қабылданған жағдайда бизнес субъектілеріне өз қызметін жаңа талаптарға сәйкес келтіру үшін уақыт қажет болатындығына назар аударды. Тиісінше, заң жобасын қолданысқа енгізу мерзімі – 2019 жылғы 1 шілде.

"Бұдан басқа, 2020 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның ДСҰ-ға кіруінің өтпелі кезеңі аяқталады, ол кезде шетелдік қаржы ұйымдарының филиалдары ішкі нарыққа кіруге рұқсат алады. Сондықтан заң жобасының 1-бабы 3-тармағының 7-абзацы үшін қолданысқа енгізу мерзімі 2020 жылғы 16 желтоқсан болып белгіленді", - деді Данияр Ақышев.

Ол қорытындысында заң жобасын қабылдау қарапайым азаматтарға әсер етпейді, себебі валюталық реттеудің ырықтандырылған қағидаттары сақталатындығын, өзгерістер ірі валюталық операцияларға ғана қатысты екендігін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу