Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бүгінде Қаржы министрлігі бірнеше министрлікпен және комитетпен бірлесіп регламентке сай келмейтін жүк көліктеріне тосқауыл қоюды бастады.
– Осы жылдың 10 айының көрсеткіші бойынша 143 мың көлік құралы ресімделді, 291,4 млрд теңге сомасында кедендік төлемдер мен салықтар бюджетке түсті. Бұл ретте, 80 пайызы жеңіл автокөлік құралына тиесілі болды. Техникалық регламентке сәйкес келмейтін жүк автокөлік құралдарын тасымалдауды болдырмау мақсатында Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетімен бірлескен тиісті бұйрығы әзірленіп, қабылданды. Осы бұйрық аясында аккредиттелген ұйымдарды тарта отырып, Сауда және интеграция министрлігінің аталған комитетінің аумақтық органдарының қызметкерлерімен бірлескен кедендік тексерулер жүргізілуде, – деді Мәди Такиев.
Қаржы министрінің айтуынша, 2024 жылдың 1 қарашасында тәуекел бейіні 1 532 кедендік декларация іске қосылған. 2 577 жүк автокөлік құралына қатысты бірлескен кедендік тексеру жүргізіліп, техникалық регламентті бұзудың 99 фактісі анықталып отыр. Нәтижесінде 33 әкімшілік және 2 қылмыстық іс қозғалған. Министрлік алдағы уақытта кедендік тексеру арқылы кейбір шетелдік жүк көлігінің елге кіргізілмеуі мүмкін екенін айтады.