Шетелдік көлік жүргізушілері наразылыққа шықты

519

Елордада басталған шетелдік көлік мінген жүргізушілердің наразылығы бүгін еліміздің бірнеше қаласында өтті. 

Шетелдік көлік жүргізушілері наразылыққа шықты Фото: tengrinews.kz

Олар көлік құралын тіркеу туралы куәлікпен ғана есепке қойсын деп талап қойды. Әсіресе, алматылықтар шетелдік көліктерді тіркеу процестері жемқорлыққа итермелейді деп ашынды.

Алматының халқы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына ала таңнан жиналды. Айтуларынша, үкіметтің елімізде әлі тіркелмеген автокөліктерді рәсімдеу әрекеті шала. Онсыз да қайтерін білмей жүрген халықты шатастырып, адастырып барады  дейді. Өйткені, ешкім темір тұлпарын шекарадан бөлшектеп әкелмеген.

Жиналғандар егер көлік бір құжатпен тіркеуге қойылмаса жүргізушілер жемқорлыққа барады дегенді де айтып қалды. Өйткені, барлығы сол темір тұлпармен жан бағып, отбасын асырап келеді. Сондықтан олар қайткен күнде де көліктерін тіркеуге қоюға тырысатыны анық.   

Өскемендіктердің де мәселесі осы. Талап бір! Елімізге әкелген техникаларын заңдастырып алуды қалайды. Әрқайсысының басында, бұған дейін жүріп-тұруына тыйым салынбаған темір тұлпарларынан айырылып қаламыз ба?  деген, үрей басым.

"Сіздің әкелген автокөлігіңіз қосалқы бөлшек болып кіргені немесе криминальдық есепте бар ма? Іздеуде жүр ме? Бәрі анықталады. Сол кезде біз жауап береміз бұл кісілерге. Әйтпесе бұл азаматтардың түрлеріне қарап біз білмейміз ғой", дейді ШҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Еркін Әнуарбеков. 

Ал Павлодардағы автоцонға  келгендерді полиция мен салық органдары  және кеден қызметінің мамандары күтіп алды. Олар көлікті заңдастыру бойынша түсініктеме берді. 

Қарағандылық жүргізушілер де Үкімет біздің де қамымызды ойласын. Қып-қызыл ақшаға сатып алған техникалар тіркелмесе, таза банкрот боламыз деді. Сондықтан, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын амал табылғанын қалайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу