Шетелдік көліктерді заңдастыру: Мамандандырылған ХҚКО-лар күшейтілген жұмыс режиміне көшті

659

1 шілдеден бастап шетелдік автокөліктерді заңдастыруға өтінім қабылдау тоқтатылады. 

Шетелдік көліктерді заңдастыру: Мамандандырылған ХҚКО-лар күшейтілген жұмыс режиміне көшті Фото: aikyn.kz

Мамандандырылған ХҚКО-лар және әкімшілік полиция басқармаларының процессингтік орталықтары күшейтілген жұмыс режиміне көшті: дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 09.00-ден 20.30-ға дейін, сенбі күні сағат 09.00-ден 19.30-ға дейін. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, 1 шілдеге дейін өтінім беріп үлгерген азаматтардың автокөліктері талаптарға сай келетін болса, көрсетілген мерзімнен кейін заңдастыру құқығы беріледі.

"Бұдан бөлек Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген және бұрын тіркелген елінен есептен шығарылмауы себебінен заңдастыру мүмкін болмайтын автокөліктерді мемлекеттік тіркеу туралы шешім қабылданды. Мұндай автокөліктер көрсетілген мерзім өткеннен кейін кері әкету туралы міндеттемемен 5 жыл мерзімге уақытша есепке алу немесе бұрынғы тіркеу орны бойынша автокөлікті есептен шығарған жағдайда заңдастыру шарттарымен тіркеледі", - делінген хабарламада.

Уақытша есепке қою кезінде көлік құралын тіркеу туралы куәлік және ҚР мемлекеттік нөмірлік белгілері берілетін болады (мемлекеттік нөмірлік белгілер үшін мемлекеттік баж – 9 660 теңге, КҚТК – 4 313 теңге,  әдеттегі тіркеу үшін алым – 863 теңге).

Тіркеу туралы куәлікте иеліктен шығару және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығу құқығынсыз уақытша есепке алу көрсетіледі, деп толықтырды министрлік.

"Шет мемлекеттің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлік белгілері "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясына сақтауға тапсырылатын болады. Егер Қазақстан азаматтары оларды елден тыс жерлерге әкету туралы шешім қабылдаған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының КҚТК және МТНБ тапсыруы тиіс. Содан кейін оларға тіркеу құжаттары мен шет мемлекеттің МТНБ қайтарылатын болады. Сондай-ақ міндетті автосақтандыру және жол қозғалысы саласындағы заңнаманың соңғы өзгерістеріне сәйкес, қазақстандықтар 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін әкелінген шетелдік автокөліктерге міндетті автосақтандыру полисін ресімдей алмайтынын, 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген және заңдастырудан өтпеген шетелдік есепке алынған көлік құралдарына қолданыстағы автосақтандыру полисін ұзарта алмайды", - деді ІІМ.

Ведомство міндетті автосақтандыру полисінсіз автокөлікті басқарғаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылғанын еске салды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу