Шетелдік көліктерді жеңілдікпен тіркеу қаңтарда басталады

758

Келер жылдан баршамыздың күтеріміз көп. Әсіресе шетелдік нөмірмен көлік тізгіндеген көпшіліктің қаңтар басталуын асыға күтіп отырғаны жасырын емес. Оның басты себебі елімізге шекара асып жеткен көліктерді тіркеу алдағы жылы жүзеге асады. 

Шетелдік көліктерді жеңілдікпен тіркеу қаңтарда басталады

Президент биыл 1-ші қырқүйекте аталған мәселеге қатысты пәрмен бергені белгілі. Содан бері құзырлылар көлікті заңдастыру тәртібін қайта қарап, түзеп-күзеп, тиісті нормаларды қайта қарады. Төрт ай бойы талқылауда болған жаңа заң жобасына бүгін Мемлекет басшысы қол қойды. Жол қозғалысы туралы заңға өзгеріс енгізілді.  

Биыл ең көп талқыланған тақырыптар тізімін жасасақ шетелдік көліктерді тіркеу мәселесі үздіктер қатарында болатыны сөзсіз. Бұл мәселенің өзектілігімен қатар ауқымын аңғартса керек. Шындығында шекарадан өтіп, отандық сақтандыру полисін алған 300 мыңға жуық темір тұлпардың басым бөлігін өзіміздің азаматтар тізгіндеп жүр. Сондықтан бұл тақырыпқа келгенде қоғамның көзқарасы бөлек, сауалы көп. Әуелде жаңа заң жобасының көлеңкелі тұстары басым болған. Содан да болар халық арасында жаңалыққа қатысты әлі де жаңсақ пікірлер бар.

Айгүл Қасымова еліміздегі 20 мыңнан астам оң рулді темір тұлпарды тіркеуге рұқсат бергенде ерекше қуанғанын айтады. Бірақ жаңа заңның талаптарымен танысқанда қуанышы су сепкендей басылыпты. Ол қазір тізгіндеп жүрген машинасын осыдан 2 жыл бұрын сатып алған. Қолында сақтандыру полисі мен көліктің техникалық паспортынан басқа құжаты жоқ. 

"Жаңа заңмен таныстым. Енді қандай әрекет жасарымды да білмей отырмын. Бізге кім көмектеседі. Бұл үлкен мәселе. Бір емес, мыңдаған машина иелері дымсыз қалады ма сонда? Менікі секілді Владивостоктан ешқандай құжатсыз келген машиналар көп. Бәрі ондай көлікті конструктор деп атап жүр. Егер тіркемейтін болса о баста неге шекарадан өткізеді", дейді қала тұрғыны Айгүл Қасымова.

Құзырлылар "бірінші кезекте қолыңызда машинаны сатып алғаныңызды растаушы құжат болуын ескереміз", - дейді. Сату-сатып алу шарты мен сенімхат ғана растаушы құжат ретінде танылады.

"Сақтандыру полисі көлік құралының иесі екендігі туралы мәлімет бермейді. Сақтандыру полисі Қазақстанның жол жүруі ережесіне сәйкес жол қозғалысына қатысу үшін ғана құқық беріледі", дейді ҚР ІІМ ӘПК аға инспекторы Алтынбек Жамалиев.  

Тағы бір ескеретін жәйт темір тұлпарыңыз әлі де көрші елдің есебінде тұрса, өзіңіз барып тіркеуден шығарып келуіңізге тура келеді. Заңдастыру басталса қажетті құжаттарыңызды сайлап, көлікті меншіктеп алуыңызға бар-жоғы 6 ай уақыт берілмек. 

 

"Бастапқы алым 200 мың тг болады. Одан басқа да заңдық нормалар бар. Яғни басқа елде екінші көлік құралының дәл сондай вин номермен тіркелмеуі. Тіркейін деп жатқан көлігіміз тіркеуден шешілген болуы тиіс. 1 қаңтардан емес бірақ қаңтар айында негізі заңдастыру басталады деген ойдамыз", дейді ҚР ІІМ ӘПК аға инспекторы Алтынбек Жамалиев.  

Тәртіп сақшылары заңдастыруға ілігетін көліктердің саны шамамен 100 мыңнан аспайды деп болжап отыр. Жалпы көліктерді тіркеуде қойылар негізгі үш талап бар. Алдымен криминалдық тарихының таза болуы ескеріледі. Екінші кезекте кедендік тазартудан өтуі назарға алынады. Соңғы талап көлік ел аумағына 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін кіргізілген болуы қажет. Осыған дейін хабарланғандай көліктің экологиялық санаты мен техникалық жағдайына ешқандай шектеу қойылмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу