Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.
"Бұл жағдайда көлік иесі 4 құжатты ұсынуы керек:өтініш, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат, көлік құралының паспорты немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлік, көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат", – деді спикер.
Көлік құралына меншік құқығын растайтын құжаттарға осы мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе иеліктен шығару туралы өзге де мәміле шарттары, мұрагерлік құқығы туралы куәлік жатады.
Бұл ретте, азаматтық заңнамаға сәйкес берілген сенімхат, егер мұндай құқық сенімхатпен берілген жағдайда, көлік құралына меншік құқығын үшінші тұлғаға беру үшін негіз болып табылады.
"Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін көлік құралын АвтоХҚКО-ның тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады. Салыстыруды ішкі істер органдарының сарапшы-криминалист жүргізеді. Біз салыстырып тексеруден өткеннен кейін екі күн ішінде көлік құралын заңдастыруға болатыны немесе болмайтыны жөнінде шешім шығаруымыз керек", – деді Қайсар Сұлтанбаев.