Тель-Авив қаласының үздік уролог маманы доктор Ави Берри астаналық әріптестеріне шеберлік сабағын өткізуде, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Шеберлік сабағы барысында доктор Ави Берри астаналық 30 уролог дәрігерге дәріс оқиды. Дәріс барысында урологиялық патологиялар кезінде лапароскопиялық операциялар орындаудың анатомиялық және техникалық ерекшеліктері туралы айтылады. Сонымен қатар, 5 күндік курс барысында 6 күрделі операция жасалады деп жоспарланған.
"Біз мұнда өзіміздің тәжірибемізбен бөлісуге, ем-домның жаңа тәсілдері мен жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін көрсетуге келдік. Бүгін урология бойынша ең күрделі операция жасаймыз. Бұл – бүйректің ісігі мен қан тамырлары арқылы кіретін қан ұйығын алу отасы. Бұл жағдай онкологиялық аурулардан емдеуді қажет етеді. Бұл күрделі де жүйелі операция, онда лапароскопиялық әдіспен бүйрекке, қан тамырларына операция жасалады", - дейді дәрігер Ави Берри.
Урология және андрология кафедрасының ассистенті Алуадин Нурбердиев, урология саласындағы израилдік дәрігерлердің мол тәжірибесін атап өтті.
"Қалалық стационар мамандары үшін осындай шеберлік сабақтары өтетіні қуантады. Осыған дейін мұндай шеберлік сабақтары тек республикалық және ұлттық орталықтардың мамандары үшін ұйымдастырылатын. Қалалық урологтар мұндай мүмкіндікті алғаш алуда. Біз үшін мұндай шеберлік сабақтары өте қажет және болашақта біз осы алған білімімізді тәжірибеде қолданамыз", - деді ол.
Айта кетейік, медицина саласы мамандарының кәсібилігін арттыруға арналған шеберлік сабақтары қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының израилдік клиникалармен бекіткен стратегиялық ынтымақтастық аясында өткізіліп жатыр.