Шетелдік мамандардан тәжірибелік дәріс

485

Ақтауда құрылыс мамандықтары бойынша "Техникалық және кәсіптік, жоғары білім" тақырыбында республикалық семинар өтіп жатыр.

Шетелдік мамандардан тәжірибелік дәріс Фото: inbusiness.kz

Іс-шара аясында Х.Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжінде "Сылақшы" және "Құрғақ құрылыс маманы" мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттер, арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлеріне "Құрғақ құрылыс және World Skills стандарттары" бойынша тренинг өтті.

50-ден аса студент теориялық оқыту сабақтарына қатысып, құрылыс саласында жаңа технологияларды қолдануды әрі VR-тренажерында жұмыс жасау тәсілдерін меңгерді. Тәжірибелік дәріс соңында емтихан тапсырды.

Колледж базасында 2019 жылдан бері "Қазақстанда дуалды оқытудағы стратегиялық альянсы" пилоттық жобасы бойынша жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Оған Германияның экономикалық даму және ынтымақтастық федералды министрлігінің тапсырмасы бойынша әлемге танымал компаниялар белсенді атсалысуда.

Семинарға шетелдік компаниялардың Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы өкілдері, WorldSkills Kazakhstan 2023" республикалық және әлемдік чемпионатының сарапшылары, еліміздің 5 өңіріндегі колледждерден өндірістік оқыту шеберлері, құрылыс және жол құрылысы саласында қызмет атқарып жүрген мекеме-кәсіпорын қызметкерлері қатысты.

Жолдардың сапасын тексеретін мемлекеттік мекеме өкілі Хамзат Сұлтановтың айтуынша, студенттерді тәжірибелік сабаққа шақырып, "Ашық есік" күнін өткізу дәстүрге айналған.

"Болашақ құрылысшыларды жолдардың сапасы тексерілетін сынақ зертханамызға экскурсияға шақырамыз. Қазір еңбек нарығында нарықта құрылыс саласында білікті кадр жетіспейді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты "Еңбекті дамыту орталығының мәліметінше жол қызметкерлеріне сұраныс жоғары екен. Осы ретте студенттерге өз тәжірибемізбен бөлісіп, жол саласында қолданыстағы соңғы технологиялармен жұмыс істеуді үйретуге дайынбыз", - дейді ол.

Уәкілетті мекеме ұжымы Маңғыстау облысындағы университет, колледж және мектеп түлектері арасынан мамандарды даярлауға, оларды жол саласына жұмысқа бейімдеу бағытында кәсіптік бағдар беруді 2020 жылдан бері жалғастырып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу