Елорданы дамытуға арналған жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық әуе рейстерінің санын көбейту қажет екенін айтты.
"Нұр-Сұлтаннан 30-ға жуық халықаралық бағыт бойынша әуе рейсі ұйымдастырылады. Бұл жеткіліксіз! Астана өзін халықаралық орталық ретінде танытуға талпынып жатыр. Мақсатқа жету үшін елорданы тікелей рейстер арқылы әлемнің алдығы қатарлы қалаларымен және халықаралық қаржы орталықтарымен байланыстыру қажет", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше шетелдік ойыншыларға аспанымызды ашу керек.
"Мен мұны үкіметке тапсырамын. Қорықпау керек. Бір компанияның ығына жығыла бермеу керек. Оның танымалдығына да қарамау керек. Аспанды ашу керек", – деді мемлекет басшысы.
Естеріңізде болса, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі нарықтағы авиабилеттердің бағасы тым қымбат екенін тілге тиек еткен болатын.
Қанат Махамбет