Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов мәлім етті.
Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші жұмыскерлерге тең еңбек үшін тең ақы төлеуді, сондай-ақ қандай да бір кемсітусіз тең өндірістік-тұрмыстық жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өтті.
"2022 жылы облыс прокурорлары мемлекеттік еңбек инспекторларымен бірлесіп 30 адамнан көп шетелдік жұмыс күшін тартатын 64 кәсіпорынға тексеру жүргізді, соның нәтижесінде 1150 бұзушылық анықталды. Оның ішінде: 179 – еңбекақы төлеудегі диспропорция жағдайы; 399 – шетелдіктердің рұқсаттарда көзделмеген жұмыстарды орындау жағдайы; 210 - талаптарды сақтамау жағдайлары; шетелдіктердің білімінің олар атқаратын лауазымдарға сәйкес келмеу жағдайлары – 205; ШЖК тартуға рұқсатсыз шетелдіктердің еңбек қызметін жүзеге асыруының – 157 жағдайы.
Аталған бұзушылықтарды жою үшін 66 ұсыныс енгізілді, 263 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, жалпы сомасы 64,3 млн теңгеге айыппұл салынды, әкімдіктер 390 рұқсатты қайтарып алды", – деді Төлеген Оспанқұлов.