Шетелдіктер алпауыттар Қазақстан мұнайын барлау үшін инвестиция салуға ниетті

655

Елімізде көмірсутек шикізатының 350-ден астам кен орны бар.  

Шетелдіктер алпауыттар Қазақстан мұнайын барлау үшін инвестиция салуға ниетті Фото: kmg.kz

Қазақстанда жаңа мұнай кен орындарын барлау үшін бір топ шетелдік компания 500 млн доллар салуға дайын, деп жазады inbusiness.kz сайты LS-ға сілтеме жасап.

Америкалық Chevron, британдық Shell және қытайлық Sinopec пен China National Offshore Oil Corporation компанияларының қатысуымен консорциум құру жоспарланып отыр. Бірлескен кәсіпорынға шамамен 500 млн доллар инвестиция салу көзделген.

Бұл туралы LS басылымына берген сұхбатында "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев айтты. Оның сөзінше, тараптар сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізіп, кейін іздеу ұңғымаларын бұрғылау мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Сонымен қатар министрліктермен 23 жоба бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Жаңа консорциум аясында тереңдігі 5,5–10 шақырым болатын ұңғымаларды бұрғылау жоспарланған. Қазіргі ірі мұнай кен орындарындағы ұңғымалардың ең үлкен тереңдігі шамамен 5,5 шақырымға жетеді. Консорциумды 2026 жылдың соңына дейін құру жоспарланған. 

Аталған компаниялардың барлығы Қазақстанда жұмыс істейді және еліміздегі ірі мұнай кен орындарын игеруге бағытталған басқа да консорциумдардың құрамына кіреді.

Қазақстанда көмірсутек шикізатының 350-ден астам кен орны бар. Қазір мұнай өндіру көлемі шегіне жеткен немесе төмендей бастаған кен орындарының үлесі басым. Осыған байланысты ел билігі мұнай өндіру көлемін сақтау және арттыру мақсатында геологиялық барлау жұмыстарын кеңейтуді көздейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу