"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ департамент директоры Серік Тәңірбергенов шетелдік азаматтардың тегін емделуіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды aikyn.kz.
"Жақында Мемлекет басшысы қол қойған "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" жаңа заңның 2-бабында "Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар, сондай-ақ оралмандар сақтандыру жүйесінде ҚР азаматтары сияқты міндеттер мен құқықтарға ие" деп жазылған. Былайша айтқанда, осы аталған азаматтар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне ел тұрғындарымен бірдей жарна төлеуге міндетті. Жарна төлегеннен кейін осы азаматтар да біз сияқты медициналық қызмет түрлерін тұтынуға құқылы болмақ. Сол себептен де "шетелдіктер біздің есебімізден тегін емделеді" деп даурығудың қажеті жоқ. Шетелдіктердің сақтандыру жарнасын төлеп, ел азаматтарымен бірге медициналық қызметтерді пайдалану тәжірибесі барлық өркениетті елдерде бар үрдіс. Бұған Литва, Эстония, Еуроодақтың өзге де елдерін мысалға келтіруге болады" - деді Тәңірбергенов.
Сала маманының айтуынша, МӘМС шеңберіндегі құқықтар мен міндеттер еліміздегі ҚР ратификациялаған халықаралық келісімдер негізінде уақытша тұратын шетел азаматтары мен олардың отбасыларына да берілген. Олардың қатарында Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі жұмыс күшінің еркін жүріп-тұруына қатысты норма да бар. Өйткені Қазақстан – өзге мемлекеттермен тығыз саяси-экономикалық байланыс орнатқан мемлекет. Сондықтан халықаралық келісім талаптарын орындауға міндеттіміз. Бірақ олар кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің аз ғана бөлігін пайдалана алады. Нақтырақ айтар болсақ, бұл азаматтар айналасына қауіп төндіретін: дифтерия, қызылша, қызамық, көкжөтел, скарлатина, желшешек, эпидемиялық паротит, А, В, С сүзегі (паратиф), полиомиелит, тұмаудың қалыптан ауытқыған түрлері, менингококк инфекциясы, тырысқақ, іш сүзек, туберкулез, күйдіргінің өкпені қабындыратын түрі, оба, вирусты геморрагиялық безгек, А, Е вирусты гепатиті, малярия сынды аурулардан тегін емделеді. Бұл санатқа кірмейтін өзге шетелдіктер (мысалы, Қазақстан аумағына виза арқылы немесе жұмыс істеуге келгендер) МӘМС жарнасын төлемейді. Олар ел аумағына кірмес бұрын жекеменшік сақтандыру полисін сатып алуға міндетті болмақ.